Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында киім мен керек-жарақты тегін беретін дүкен ашылды

Сәтбаев қаласына көктеммен бірге жақсы жаңалықтар қоса келді. Қайырымды жандар «Отбасы отбасыға көмектеседі» қайырымдылық жобасын ұйымдастырып, «Алғыс» әлеуметтік дүкенін ашты.

кк

Бұл туралы BNews.kz хабарлайды.

Моноқаланың тұрғындары тұрмысы нашар отбасыларға көмектесуді қолға алды. «Алғыс» дүкеніне келген кез келген азамат өзіне қажетті киім-кешек, аяқ киім, керек-жарақтарын, тұрмыстық техниканы және ойыншықтарды тегін алып кете алады. Ақысы – «рахмет» қана! Ұйымдастырушылардың айтуынша, дүкенді ашудағы мақсат – адамдардың бойында жақсылық жасауға деген жігерді арттыру.

Тауарлар Сәтбаев қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұсынған тізімдегі тұрмысы нашар отбасыларға, зейнеткерлерге және көп балалы отбасыларға беріледі. Акцияға жақсылыққа жаны жақын кез келген азамат, кәсіпкер қатыса алады.+

Кәсіпкерлер палатасының Сәтбаев қаласындағы филиалының директоры Берік Әбеновтың айтуынша, жобаға жергілікті кәсіпкерлер белсенді атсалыса бастады.

«Жуырда дүкенде нанды да тегін тарата бастаймыз. Қазір қоғамда қара нанға мұқтаж отбасылардың бары жасырын емес. Дегенмен, біз олардың мұң-мұқтажымен бөлісуге келіп отырмыз! Бұл бастама жергілікті қайырымды жандардың бойындағы жақсылық жасауға деген сезімді оятып, қолындағы барымен бөлісуге септігін тигізді», – дейді филиал басшысы.

Жоба наурыз айында Кәсіпкерлер палатасы мен Сәтбаев қалалық Жастар ресурстық орталығы арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында қолға алынып отыр.

Дүкенге түсетін заттарды жинаумен және таратумен Жастар ресурстық орталығының еріктілері айналысады.

Талқылау