Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қабдеш Жұмәділов: Қытайдан 200 мыңнан аса қазақтың көшін бастап келген танымал жазушының өмірбаяны

Stan.kz 1962 жылы Қытайтағы 200 мыңнан аса қазақтың өз атамекеніне оралуына көмектесіп, көшін бастап келген белгілі жазушы Қабдеш Жұмәділовтің өмірбаянын ұсынады.

Қабдеш Жұмәділов: Қытайдан 200 мыңнан аса қазақтың көшін бастап келген танымал жазушының өмірбаяны

Қабдеш Жұмәділов 1936 жылы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесінде дүниеге келген. Атасы Күдері қара қылды қақ жарған төрт ауылдың төбе биі болыпты. Әкесі Жұмәділ мектеп салғызған. Қаламгердің өзі айтқандай, «Бабалары ұлт алдында үлкен миссия атқарды».

Дегенмен, жазушының өзі де үлкен миссия атқарды. Қабдеш атамызға жүктелген міндет – сол елдің шежіресін жазу болды. «Соңғы көш», «Тағдыр», «Атамекен» романдары және тағы басқа көптеген шығармалар сол жердегі қазақтардың тағдыры жайлы, солардың өмірінен туған романдар. Қабдеш Жұмәділов не жазса да, ешкімді қайталағысы келмеді. Қайта бұрын бұрмаланған, қисық біткен нәрселерді түзетуге, соны қайта жазуға, шындықтың бетін ашуға тырысты.

Белгілі жазушы Дулат Исабеков айтып өткендей, қаламгердің басынан лайықты оқиғалар өтті. Ал Қабдеш атамыздың басынан өткен сол оқиғаларды роман етіп жазбасқа, көркем әдебиетке түсірмеске, қауқары да қалмаған, шамасы да жетпеген. Өйткені, жазушы сол ішкі дүниесін, ішкі қазынасын, көрген-білген фактілер мен түйген ойларының бәрін міндетті түрде қағазға түсіруі керек болды.

Ал, филология ғылымдарының докторы, академик, Қабанбай батырдың 8-ші ұрпағы Ұлықпан Сыдықов Қабдеш атамыздың социализмді, соның ішінде Қытайда жүріп, социализмнің жабайы түрін көрген адам екенін айтты.

«Қабдеш Жұмәділов Алматыға оқуға келіп, Қытайға қайта барған кезде «ашылып, сайрау» дейтін науқанға түсіп, Совет Одағының тыңшысы есебінде қаралып, басына қара қалпақ кигізіліп, тіпті конслагерлік жағдайда өмір сүрді. Қол-аяғында кісен болмағанымен, қара жұмысқа салынды. Ол арқанға байланып, 200 метр тереңдікке шахтаға түскен. Қайла мен күрекпен қазып көмір, тас шығарып, соны балқытып, қорытқан, соның ортасында жүрген. Қолына тиген бір жапырақ нанды жеп күн көрген. 5-6 ай жуыну дегенді білмей, бет-жүзі қап-қара жұрттың ортасында жүріп, халықтың күйінішін, ашынғанын тағы да бойына сіңірген. Ал осы ширығу кейіннен оның шығармаларының ауқымы болды»,- дейді Ұлықпан Сыдықов.

Жұрттың Жұмәділовті биографиясы бай жазушы дейтіні бекер емес. Басынан өткен қилы тағдыр кесек шығармаларды тудырды. Ал «Соңғы көш» романына жүк болған ұлы көштің бұйдасын, ол 26 жасында өзі ұстап келген.

Шәуешек пен Тарбағатай уәлаятынан бір айдың ішінде 200 мыңнан аса қазақ көшіп өткен. Сол ұлы көшті ұйымдастырған адам – Қабдеш Жұмәділов болды. Ол үшін қаламгер Кремльге Хрущев пен Варашиловқа хат жазып, Совет үкіметінің келісімін алып, атамекенін армандаған халықты ата-бабасының туған жеріне өткізді. Осылайша, Қабдеш атамыздың арқасында арбамен, атпен, түйемен, жаяу жалпылы көшкен қазақ бес заставадан бірдей өткен.

Қабдеш Жұмәділовтің өмірдегі, халық алдындағы ең игілікті істеген жұмысы – осы қазақ халқын көшіруі болмақ.

Демографтардың санауы бойынша, сол 1962 жылы келген қазақтардың бүгінгі саны, үрім-бұтағымен қосқанда миллионнан асады.

Қаламгердің ең тұңғыш шығармасы «Қаздар қайтып келеді» әңгімесі. Ел басына күн туған кезде 20-жылдардың аяғында, ашаршылық кезде шекара асып кеткен қазақтың туған жерді сағынып, бәлен уақыт өткеннен кейін шакарадан қайтып оралғандағы жаңа сезім, ішкі жан дүниесі алғаш көтеріледі. Ол кезде бүкіл қазақтың кітап оқуға деген құлшынысы өте керемет, ұлттық-рухы ояна бастаған кез болатын.

Қабдеш Жұмәділовтің сол алғашқы шығармасынан бастап, күні бүгінге дейін ұстаған принципі ерекше. Ол – объективті, тарихи, болмыс, тарихи шындық. Қаламгер сол алғашқы шығармасынан күні бүгінге дейін бұл принципінен айныған жоқ.

Тарихи тақырыпта жазатын жазушылардың халық алдындағы жауапкершілігі өте жоғары екені бәріне белгілі. Алайда, 60-70 жылдарда тарихи тақырыпта қалам тербеген жазушылардың саны санаулы-ақ болды. Ол кезде совет әдебиетінде Қытай қазақтары туралы тақырып мүлдем жабық тақырып болған. Өйткені, тарих ғылымы шектеулі ғылым болды.

Қабдеш Жұмәділов үш ғасырға созылған отар ел кезіндегі халықтың тарихи тағдырын, сол кездегі көрген бейнетін, қайғы-мұңын, халықтың әл-ауқатын бәрін жіпке тигендей етіп, энциклопедиялық тұрғыда ашып берген жазушы.

Дегенмен, қаламгер ешқашан тапсырыспен шығарма жазбаған адам. Тіпті, үкіметтің де тапсырмасы бойынша шығарма жазбаған кісі. Ол әлі күнге дейін жүрегі не қаласа, соны жазып келді. Кезінде Совет үкіметі де ұранмен, шақырумен жазушыларға небір тақырыптарға шығарма жаздыртқан. Бірақ, Қабдеш атамыз оған барған емес. Себебі, ол өз тегін бұлай былғағысы келмеді. Жазушы әрдайым аш жүрсем де, таза жүргенім артық деген принципті ұстанып келді.

«Ол кісінің бірінші критериі адалдық. Екінші –еңбекқорлық. Осы екі принципке кім сай келсе, бұл кісі соның жанынан табылатын адам»,- дейді филология ғылымдарының докторы, академик, Қабанбай батырдың 8-ші ұрпағы Ұлықпан Сыдықов.

Алайда, осыдан бірнеше жыл бұрын Қабдеш Жұмәділовтің мұра тартқан теріс бет-бейнесін жасағылары келгендер болған. Қаламгерді жоғары жаққа қаралап, көрсеткісі келгендер болды. Дегенмен, халық мұның бәрін көрді және әбдебіреулердің жазушыға қара жапқылары келгендерін де біліп отырды. Себебі, Қабдеш Жұмәділов болған оқиғаны ғана баяндайтын объектівті шындықтың адамы.

«Мен сол кісінің тарихи шығармаларын зерттеуші ретінде, оның ешқандай тарихи деректерді бұрмаламағанына, нақтылы тарихты жеткізгеніне толық сеніммен айта аламын»,- дейді Қабдеш Жұмәділовтің шығармашылығын зерттеуші Руда Зайкенова.

Алайда, Қабдеш Жұмәділовтың үлкен уайымы бар екен. Ол қәзіргі жастардың кітаптан алыстап бара жатқанына уайымдайды.

«Қазір адамдар қатыгездікке бой беріп жатыр. Қоғамда қылмыс, қатыгездік белең алып барады. Меніңше, адамдарды қатыгездіктен құтқаратын бір дәрі бар. Ол – көркем әдебиет, поэзия. Себебі, Абайды, Қасымды, Мұқағалиді, Пушкинді тағы басқа ақын-жазушыларды оқыған адам біреуге қиянат жасамайды. Ондай адам ұрлық жасамайды. Өйткені, оның мұндай жамандық жасауға ар-ұжданы жібермейді. Рухани жаңғырудың көкесі – әдебиетті жаңғырту және әдебиетті оқыту. Міне, үкімет осыған көңіл бөлуі керек»,- дейді Қабдеш Жұмәділов.

Ал белгілі жазушы Дулат Исабеков «кімде-кім қазақ тілінен нұр сусындағы келсе, қазақ тілінің байлығын, өз көзімен көріп, оқығысы келсе, бойына сіңіріп, талпынғысы келсе Қабдеш Жұмәділовті оқығаны жөн» деп ойлайды.

Қабдеш Жұмәділовтің ең бір жеті қасынасының құндылығы – көркем тілінде. Ол қолына қалам алғалы қазақтың жоғын түгендеп, тарихты тірнектеп жинаумен келеді. Сексеннің сеңгіріне көтерілсе де, сол қызметіне адал. Ол қазір бұрынғыдай құлаш-құлаш әңгімелер жазбайды. Қаламгер бүгінде шағын әңгімелер жазуға көшкен. Жазушы былтыр оқырмандарын «Академиктің көз жасы» туындысын сыйлады. Бұл кітапта Қаныш Сәтпаевтың өмірі, көрген қиыншылығы, әкесінен, бауырларынан айырылғандағы көз жасы баяндалады.

Жазушының ұлы Арман Жұмәділовтің айтуынша, қаламгер ешқашан істеген іс-әрекетіне өкінім танытқан емес. Себебі, ол айтқысы келгенін айтып, жазғысы келгеннің бәрін жазды. Дегенмен, қаламгердің бір арманы бар екен. Жазушы көбірек шөбере сүйгісі келеді.

Қабдеш атамыз 5 бала тәрбиеледі. Төрт ұл, бір қыз. Ол балларға қатал болған адам. Керемет елжіреп жақсы көріп тұрса да, оларды қатты ұстай білген. Себебі, жазушы ұл балалар бетімен жайылып кетеді деп ойлап, мейірімділігімен қоса қаталдығын да танытқан. Міне, осындай тәрбие алған балалары ер жеткеннен кейін шетелде оқып, жақсы білім алып, бүгінде еліміздің абыройлы азаматтарының бірі болып жүр.

Ал Қабдеш атамыздың жары – Сәуле өзінің тағдырласы, Алтайдың ар жағынан келген ару. Олардың шаңырақ құрғандарына биыл 53 жыл толды. Бүгінде олар төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп, немере-шөбере сүйген ата-әже. Жазушының 10 романы мен 21 повестінің, 70-тен аса әңгімесінің алғашқы оқырманы да сүйген жары – Сәуле апайымыз. Бұл да азаматтың маңдайына бұйырған бағы болар. Ал ең бақытты шағы – жылаған шағы. Ұлт мұраты жолында азапты өмір кешкен тұлғаларды тажауыл дәуірдің тырнағынан жұлып алып, қайта жарық сыйлаған кезі. Уақыттан үстемдігін сезінген сәт. Жалпы Қабдеш Жұмәділов өзі көңілге алған негізгі тақырыптарды айтып, шындықты жазған қаламгер.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау