Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Испанияға саяхаттап барған отандасымыз ауырып, өлім аузында жатыр

60 жастағы әйелдің жақындары бұған медициналық сақтандыру компаниясын кінәлайды. Күлпаш Хасанова жол жүрмес бұрын денсаулығын сақтандырыпты. Тек жағдайы нашарлағанда ол пайдаға жарамай, керісінше ауруын асқындырып алған. Яғни қазір Испаниядағы ауруханада жатқан әйелге компания ем-домның шығынын төлемей қойыпты. Бұл туралы КТК хабарлайды.

4141

Испанияға сау барған Күлпаш Хасенова қазір хәл үстінде жатыр. 60 жастағы әйелдің жағдайы аяқасты нашарлаған. Ал өзі бір жамандықты сезсе керек, жол жүрмес бұрын ерікті түрде денсаулығын сақтандырыпты. Тек одан пайда болмай тұр.

“Денсаулығы сыр бере бастағанда сақтандыру компаниясының Испаниядағы серіктестеріне жүгіндік. Олар анамды қарап, жағдайы жақсы екенін айтты. Ал екінші рет шақырғанымызда тіптен келген жоқ”, – дейді Күлпаш Хасанованың қызы Әлия Хасанова.

Сондықтан, Күлпаш Хасенованы жекеменшік ауруханаға жеткізуге тура келіпті. Ал дәрігерлер науқастың инфаркт алғанын айтқан. Қазір олар отандасымызды аман алып қалу үшін тиісті ем жасап жатыр. Бірақ сақтандыру компаниясы оның шығынын төлемей қойыпты.

«Interteach» компаниясы денсаулыққа қауіп төнген кез-келген жағдайда көмек береміз деп сендірді. Яғни 30 мың еуроға дейін шығынды өтейміз деген болатын. Бірақ бұл бос сөз екен”, – дейді қызы.

Сақтандыру компаниясындағылардың да өз айтары бар. Ереже бойынша, сақтандыруға жататын аурулардың арнайы тізімі бар екен. Ал, Испанияда хәл үстінде жатқан қарияның дерті оған кіре ме, кірмей ме, әзірге белгісіз. Ол жағы қазір анықталып жатыр.

“Сақтандыру жарамды. Әрі біз шығынды өтеуден ресми түрде бас тартқан жоқпыз. Оны төлейміз деп те айта алмаймыз. Қазір бұл мәселе қаралып жатыр. Егер дерті сақтандыруға жататын аурулар тізіміне кірсе, міндетімізді орындаймыз”, – деді «Interteach денсаулық сақтау және медициналық сақтандыру қазақ корпорациясы» АҚ қызметкері Айсұлу Ізтілеуова.

Тіпті, мұндағылар науқастың инфаркт алғаны жалған деп отыр. Әрі кінәні денсаулығының әлсіз екенін біле тұра, шет ел асқан қарияның өзінен көрді. Ал жат жұртта сан соғып қалған науқастың жақындары сақтандыру компаниясының жауапқа тартылуын талап етпек.

Ем-домның шығыны күн өткен сайын артып барады. Қазірдің өзінде Хасанованың жақындары испаниялық клиникаға 38 мың еуро қарыз. Ал науқастың жағдайы жақсарған бойда, ота жасау керек. Ол да біраз қаржыны қажет етеді. Сондықтан сақтандыру компаниясынан пайда болмай, жер сипап қалғандар енді жұрттан көмек сұрауға мәжбүр.

Оқи отырыңыз:

Донор құтқарды: Астаналық азаматқа жүрек ауыстыру операциясы жасалды

Шымкенттік оқушы қыз рак клеткаларын жойып жіберетін дәрі жасап шықты

Қызылорда тұрғыны ұлу өсіріп, пайдаға кенеліп отыр

Дәрігер: Ауру жұқтырғанда адамның бауыры жанып кетеді

Талқылау