Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еңбек министрі: Миллионнан астам азаматтың зейнетақы жарнасы төленбей келген

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мәжілістегі «Үкімет сағатында» баяндама мәлімдеді.

Министрлік басшысы депутаттарға «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 83-қадамы аясында жаңа Еңбек кодексінің жүзеге асырылу барысын жеткізді, деп хабарлайды bnews.kz.

Министр жаңа Еңбек кодексі әлеуметтік өзара сұхбатқа құрылып, сонысымен ерекшеленетінін атап өтті. Сондай-ақ, жаңа құжатта еңбек қатынасына қатысатын мемлекет пен  жұмыс беруші және жұмысшы арасындағы жауапкершілік бірдей қарастырылған.

«Мемлекет тарапына жұмысшыға ең төменгі еңбек стандарттарын, кепілдіктер мен өтемақылар айқындау және де олардың қалтқысыз орындалуын бақылау жүктелді. Жұмыс берушіге болса, жұмысшыны қабылдау мен босату, ішкі тәртіпті реттеу, еңбекақыны төлеу жағдайлары мен шарттарын, еңбек қауіпсіздігі мен оның қорғалуын қамтамасыз ету, жұмысшыларды өндірісті басқаруға тарту сынды мәселелерді шешу міндеттелген. Жұмысшы өз кезегінде қызмет түрін еркін таңдап, еңбек құқықтарын жеке, ұжымдық келісім-шарттарда кеңейтіп, нығайта алады» – деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, жаңа еңбек Кодексі қабылданған соңғы 2 жылда негізгі құжат қағидаттарын іске асыруға бағытталған 35 нормативтік-құқықтық акті әзірленіп, күшіне енді.

Еңбек қарым-қатынасында жұмысшы құқығы мен еңбегіне кепілдік беретін, әлеуметтік-еңбек байланыстарын реттеудің тиімді тетігін қалыптастыруға әсер ететін ұжымдық шарттың орны бөлек. Сондай-ақ, ұжымдық шарт әлеуметтік келіспеушіліктер мен ұжымдық дау-дамайларды болдырмаудағы тәуекелдердің алдын алуға оң ықпал етпек.

2017 жылдың 1 қыркүйегі бойынша ұжымдық шартпен 76,6 мың кәсіпорын немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 34,1%-ы қамтылды. Мұнда ірі және орта кәсіпорындардың қамтылу деңгейі 89,3%-ға жетті. Соңғы 5 жылда ұжымдық шарттар жасау көрсеткіші 19%-ға өскені байқалады.

Дегенмен, жағдайдың жақсарғанына қарамастан, әлі де жұмысқа азаматтарды еңбек шартынсыз қабылдау әрекеттері көрініс беретінін жоққа шығару мүмкін емес. Соңғы екі жылда еңбек инспекторлары мыңнан астам жұмыс берушінің жұмыс күшін еңбек шартынсыз қолданып жатқанын анықтады (бұл мамандардың біліксіздігінен туындап, құрылыс, сауда және ауылшаруашылық пен шағын кәсіпкерлік салаларында жиі кездеседі).

Осы жылы азаматтардың әлеуметтік мәртебесін анықтау мақсатында үйлерді аралап, «заңсыз жұмыспен қамту» ахуалын бағалау шарасы жүргізілді. Шарада 5,6 млн азамат қамтылып, нәтижесінде миллионнан астам еңбекпен қамтылған азаматтың зейнетақы жарнасы төленбей келе жатқаны белгілді болды. 320 мың жұмыссыз және 1,4 млн өнімсіз жұмыспен қамтылған жандар назарға ілікті.

«Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады. Бүгінгі таңда есепке алу, тіркеу, мәртебе анықтау, еңбекпен қамтылуды және салық төлеу жағын реттеу, әлеуметтік қамсыздандыру жайттарынан тұратын бейресми жұмыспен қамтылған азаматтар тобын заңдастыру жөніндегі Кешенді жоспар әзірленуде», – деп қорытындылады Тамара Дүйсенова.

Тағы да оқыңыз:

Ұшақ үйдің үстіне құлап, үш адам қаза болды

Депутаттар ЖОО-ға түсетін мектеп бітірушілерді ҰБТ-дан босату туралы ұсыныс айтты

Министр қазақстандықтардың қанша сағат жұмыс істеуі керек екенін айтты

Талқылау