Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елдің дамуына елеулі үлес қосқан 100 жаңа есімнің кім екені белгілі болды

Депутат та, министр де болмай-ақ елдің дамуына елеулі үлес қосқан 100 жаңа есімнің кім екені белгілі болды. Олардың ішінде қарапайым дәрігер де, өртеніп жатқан үйден баланы құтқарған сарбаз бен зағиптығына қарамастан әлем сахналарында өнер көрсетіп жүрген рухты жандар да бар. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында қолға алынған шара бүгін қорытындыланып, іріктеуден үздік шыққан жаңа тұлғаларды президенттің өзі құттықтады.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

«100 жаңа есім» жобасы аясында байқауға түскен 2 мыңға жуық үміткердің ішінен озып шыққандардың бірі – десантшы Ғалымжан . Ол биыл 28 шілдеде Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінде өртенген пәтерден 2 бүлдіршінді құтқарған болатын. Оның бұл жанкештілігін біреулер білсе, біреулері білмеуі мүмкін.

«Бұл жерге мені кім ұсынған кісілерді өзім де білмеймін қазірге шейін шынымды айтсам. Кез келген адамның қолынан келеді деп ойлаймын бұл ерлік», – дейді десантшы Ғалымжан Әлиоханов.

«Мен дауыс беру басталғаннан кейін 3 аптадан кейін білдім осы тізімде болғанымды. Бақ бұйырып осы тізімге кіріп отырмын. Мен қуаныштымын», – дейді нейрохирург Марат Саршаев.

Бүгінгі тізімде бұған дейін де елге танылған тұлғалар бар. Солардың бірі – жасанды ұрықтандыру арқылы қаншама отбасына бақыт сыйлаған Салтанат Байқошқарова. Ол «100 жаңа есім» қатарына ілінгенін – еңбегін халықтың бағалағаны деп біледі.

«Ең алғашқы бала 21-де қазір. Шетелде оқып жатыр. Одан бері 15 мыңға жуық бала дүниеге келді», – дейді биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова.

Шараның салтанатты бөлігі басталып, 18 жастағы сазгер Рахат Әбдісағин ең бірінші болып өзін таныстырды. Жеке туындысын күйсандықта ойнап та берді. Айта кетсек, Рахат – Мәжіліс вице-спикері Гүлмира Исімбаеваның жалғыз ұлы. Оның өнеріне тәнті болған Нұрсұлтан Назарбаев, Моцартпен бірге жас сазгердің шығармасын тыңдаймын деді.

Есімдері танылып жатқандардың ішінде жастайынан зағип болса да, өнерде табысқа жеткен қыз да бар. Ал, құлағы естімейтін Анардың салған суреті президентке тарту болды. Нұрсұлтан Назарбаев 6 шілдеден бөлек, тағы бір туған күнім бар деп, қуанышымен бөлісті.

«Екінші, туған күнім – 1 желтоқсан. Сол күні бүкіл халық болып, тұңғыш рет қазақ елі, Қазақстан халқы президентін сайлаған уақыт. Сол сынға түсіп, тұңғыш рет сол жерде жеңіске ие болып, 90 пайыздан артық халықтың даусын жинадым. Содан бері 26 жыл өтті», – дейді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы латын әліпбесіне өтудің маңыздылығын тағы да қайталады. Сондай-ақ, бүгін аты аталған 100 тұлғадан бөлек, жалпы іріктеуге қатысқан 2 мыңға жуық азаматты да ескерусіз қалдырмауды тапсырды.

Оқи отырыңыз:

Өмірлік жарыңды қалай таңдау керек: Қазақстан Президентінен кеңес

Кәріс, жапон және еврей халықтары Назарбаевты қатты таңдандырған

Назарбаев: Бай адамдарды көпшілік жақтырмайды

Талқылау