Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Босқындарды қабылдаудан бас тартқан Еуроодақ елдеріне айыппұл салынуы мүмкін

Еуропалық комиссия квота бойынша босқындарды қабылдаудан бас тартқан Еуроодақ елдерін жазаламақ.

b59537826154dc5428b58b82dbd3bfce_L

Сурет rusevik.ru

Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

Егер кері қайтарса, 250 мың еуро айыппұл төлеуі мүмкін. Алайда бұл бастама бірқатар елдің наразылығын тудырып отыр. Олар ресми Брюссельге қарсы шығып, өз құқығын сотта қорғауға да дайын екенін айтуда.

Еуропаға табан тіреген мигранттардың тағдыры не болмақ? Прагада өткен саммиттің басты тақырыбы осы болды. Былтыр Еуроодаққа мүше әрбір ел квоталар бойынша 160 мың мигрантты бөліп алуға келіскен еді. Бірақ бұл келісім орындалмай отыр.

Еурокомиссия мигранттарды қабылдаудан бас тартқан елдерді жазалауға шақырды. Қаржылық санкциялар – Еуроодақ елдерін келісімді орындауға мәжбүрлейтін соңғы тетік. Бір адам үшін төленетін айыппұл құны – 250 мың еуро. Мысалы, Польша 6200 мигрантты қабылдаған жоқ. Сондықтан бұл ел 1,5 млрд еуро төлеуі мүмкін. Бұл қаражат босқындарды артығымен қабылдаған мемлекеттерге көмек ретінде беріледі. Бірақ бұл бастамаға Польша, Чехия, Венгрия мен Словакия қарсы. Польшаның сыртқы істер министрі мұны 1 сәуірдегі әзілге балады. Ал Словакия мен Венгрия Еуропалық сотқа жүгінді.

 “Бұл – бопсалау. Мұны Еуропалық комиссияның ұсынысы деп айтуға келмейді. Босқындар бойынша квоталар мәселесі бізді тығырыққа тіреп отыр. Еурокомиссияны бұл бағыттан бас тартуға шақырамын”, – дейді Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сийярто.

Бұдан басқа, Еурокомиссия Дублин келісімшартын қайта қарауды ұсынды. Бұл құжат бойынша босқын Еуроодақ аумағына өтуге мүмкіндік жасаған елге баспана беру туралы өтініш ұсынуға міндетті. Негізі мұндай шектеу Грекия мен Италияға бағытталған. Себебі мигранттар көп жағдайда осы елдер арқылы келіп жатыр.

Заңсыз көші-қон мәселесі Еуроодақ үшін түйткілге айналды. Соңғы кездері босқындар легі азайғанымен, Германия, Австрия, Франция мен Бельгия сияқты бірқатар ел шекара бақылауын тағы жарты жылға ұзартты.

Талқылау