Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО дәрігерлері трактордың арасы орап әкеткен механизаторды аман алып қалды

Батыс Қазақстан облысында облыстық клиникалық аурухананың дәрігерлері 25 жастағы механизатор Михаил Ольховиктің өмірін құтқарып қалды. Жігіт трактор арасына түсіп алған.

4545

Сурет “Мой Город” порталы

Бұл туралы bnews.kz хабарлайды.

Дәрігерлердің өздері де Михаилдың тірі қалғанына таңғалуда. 31 мамырда Ольховик тракторда Зеленов ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінде көкөніс егетін жерді дайындау жұмысын істеп  жүрген. Механизаторға атыздарды жыратын ара дұрыс жұмыс істемей тұрғандай көрінеді. Осылайша қондырғыны тексеруге шыққан кезде, айналып тұрған өткір ара орап әкеткен.

Оны трактор астынан жақын маңда жұмыс істеп жүрген ағасы алып шығыпты.

“Науқас облыстық клиникалық ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілді. Оған бірден ота жасалды. Дәрігерлердің еңбегінің арқасында Михаилды аман алып қалдық. Ота шамамен 4 сағатқа ұласты”, – деп мәлім етті облыстық клиникалық аурухана директорының орынбасары Құттымұрат Жақсығалиев.

Дәрігерлердің айтуынша, жазатайым оқиға кезінде науқастың кеудесіне, ішек қуысына зақым келіп, көп қан жоғалтқан.

“Михаилдың 6 қабырғасы сынып, ішек-қарны сыртқа шығып қалған. Науқас травматикалық шокта болды. Оны о дүниеден қайтарып алдық десек де болады», –деп атап өтті облыстық клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі Адамбек Мұқанбетқалиев.

Қазір Михаил тәуір болып келеді, өз бетінше жүріп, тамақ іше бастады.

“Жаныма араша түскен ақ халатты жандарға алғыс айтамын. Бір айдан соң ауруханадан шығарамыз деп уәде етті”, – дейді жігіт.

Талқылау