Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаевтың тергеу изоляторында белгісіз біреумен жасырын түрде жазып алынған әңгімесі жарияланды

Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың уақытша ұстау изоляторында белгісіз біреумен әңгімесі жасырын түрде жазып алынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

Прокурор Айжан Аймағанова сот залында әңгіменің стенограммасын оқыды. Прокурордың айтуынша, тергеу изоляторында Бишімбаевқа қатысты жасырын тергеу амалдары жүргізілген. Аталған әңгіме 2023 жылдың 10 қарашасында сағат 12:39-12:50 аралығында жазылып алынған. 

“Белгісіз адам: "Сен мүлдем ұйықтамаған сияқтысың".

Бишімбаев: "Таңертең ұйықтадым"

Белгісіз адам: "Талғат келгенде алдында сөйлеген жоқпын. Ол менімен бірге экс-министр отырғанын айтты. Жаңалықтар шулап жатыр дейді. Мейрамханада келушілер арасында жанжал болған, төбелес болып, экс-министр дене жарақатын салған деді. Ол жедел жәрдем келгенше қайтыс болды деді”

Бишімбаев: "Ол ұйықтап жатты. Біз көп іштік, ұрысып қалдық, мен ұйықтамадым. Сағат бірде ояндым, бірақ ол мейрамханада ұйықтап жатқан"

Белгісіз адам: "Ол жерде диван бар ма?"

Бишімбаев: "Иә, диванда"

Белгісіз адам: "Қате түсініп қалма, бәрібір шу болды ғой. Қызметкерлер назар аудармады ма?"

Бишімбаев: "Ешкім болған жоқ, түнде болды, біз келгенде ешкім жоқ еді".

Белгісіз адам: "Әлеуметтік желіде барлығы қызметкерлерді кінәлап жатқан көрінеді, бойкот жариялау керек деген сияқты".

Бишімбаев: "Ешкім болған жоқ, сол жерге бардық, отырдық, ұрыстық".

Белгісіз адам: "Біреу келді ме?"

Бишімбаев: "Біз Биланда, Дима Биланның концертінде болдық. Сонда бардық, ұрысып қалдық. Ол тұрды, кетті, мен оның соңынан ердім, хай-вай болды жалпы".

Белгісіз адам: "Таңғалып тұрмын, өліп қалатындай қай жерлерінен ұрдың?"

Бишімбаев: "Мен оны жұдырықпен ұрған жоқпын".

Белгісіз адам: "Құлап қалды ма әлде қалай?"

Бишімбаев: "Білмеймін. Бір кезде жатып ұйықтап қалды. Ұзақ ұйықтады, қорылдады, мен оған ондай ештеңе жасаған жоқпын".

Белгісіз адам: "Сенде қара жолақ басталған сияқты".

Бишімбаев: "Тағдырым сондай. Ол жерде ешкім болған жоқ, мен ініме телефон соқтым, оны оятуға тырыстық. Сол жерде сұрадық, "көп ішсе, ұйықтап алсын" деді. Біз сыртқа шықтық, жарты сағаттан кейін қайтадан кірдік. Ол қорылдауын қойды, денесі суық болды, мен дереу жедел жәрдем шақырдым".

Белгісіз адам: "Сен ішіп-ішіп, есте сақтау қабілетіңді бір сәтке жоғалтып аласың ғой, сондай болған сияқты"

Бишімбаев: "Жоқ, мен есте сақтау қабілетімді жоғалтқан жоқпын".

Белгісіз адам: "Жоқ, жоғалту емес, кейде жартысы есіңе түседі, ал жартысы есіңде жоқ".

Бишімбаев: "Жай ғана ұрысып жатыр едік, ол кеткісі келді. Менің ашуланғаным осы еді. Кішкентай жанжал болса, болды, ол: "Кетемін" деп бастайды.

Белгісіз адам: "Ол сені осымен бопсалады ма?"

Бишімбаев: "Сол күні кешке сондай бір кішігірім жанжал болды, ол жай ғана кетіп қалды. Біз келгенде ұрысып қалдық, бүкіл қызметкерлер сонда болды. 2-3 бөтелке шампан іштік. Сосын сабырлы түрде үйге шықтық. Көшеде сөйлестік. Бірақ кейін көлікте ұрысып қалдық”

Белгісіз адам: "Менің өмірімде көптеген мүмкіндіктер болды. Сенің ең болмағанда мансап жолың болды, мақтана аласың"

Бишімбаев: "Мақтанатын несі бар?"

Белгісіз адам: "Білмеймін, жоғарыда болдың, сол жерде басшылық қызметте болдың.  Мен 20 жасымнан бері осылаймын. Отырдым, болды, еш жерде оқымадым.”

Бишімбаев: "Білесің бе, біз бір-бірімізді қатты жақсы көретінбіз".

Белгісіз адам: "Иә, түсінемін, сен әлі де өзіңді жаман сезініп тұрсың, өзіңді іштей жеп жатырсың".

Бишімбаев: "Біз жаңа жылға жөндеуді бастағанбыз, суретке түстік, сол күні кешке концерт болды, таңертең ол: "Менің киетін ештеңем жоқ" деп ренжіп қалды. Барып киім алдық. Ол жұмыс істеу үшін қалды, мен өз ісіммен айналыстым. Кешке ол құрбысымен барды, мен кешігіп қалдым. Біз күнде таңертең тұрып, жоспар құрушы едік. Не болғанын білмеймін", –делінген жазбада. 

Бишімбаевтың қорғаушысы Ерлан Ғазымжанов алқабилердің назарын осы әңгімеде Бишімбаев Нүкенованы жұдырықпен ұрмағанын және оған қасақана кісі өлтірді деген айып тағылса да, "күдіктінің ондай әрекет жасамағанын" айтқанына аударды.

Өз кезегінде жәбірленушілердің адвокаты Игорь Вранчев сотталушыдан сол кезде күдікті болған қылмыстың мән-жайын бейтаныс адамға қалайша толықтай айтып бергенін сұрады.

"Менің ішімде тек осы нәрсенің болғанын түсінулеріңіз керек. Ол менен сұрады, әрине, еріксіз шығады. Біреумен бөліскім келді", – деді Бишімбаев.

Еске салсақ, бұған дейін әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында Салтанат Нүкенова өлтірілген мейрамхананың суреттері көрсетілген еді.

Талқылау