Менің қызым бар: Танымал тележүргізуші “отырып қалған” қыздарға бала туып алуға кеңес берді
Танымал тележүргізуші Эльвира Ерғалина қазақ қоғамындағы «отырып қалған» қыздар мәселесін қозғады. Айтуынша, теңін таба алмай, қартайғанша жалғыз жүрген әйелдердің кейбірінде «Кезінде неге бала туып алмадым екен?» деген өкініш болары сөзсіз, деп хабарлайды Stan.kz.
Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
Эльвира Ерғалинаның сөзінше, тұрмыс құруға мүмкіндік қалмай, жұбыңызды таппасаңыз, денсаулықтың мүмкіндігі барда, ешкімнің сөзіне қарамастан балалы болған дұрыс секілді.
«Соңғы кездері бала туып алу туралы ойланып жүрмін… Қоғам қанша тас лақтырып, есекке теріс мінгізіп аластататын іс болса да, осы тақырыпты қозғағым кеп отыр. Бұл жазбам арқылы ешкімнің жан жарасына тиісіп не аудиториямды үгіттеп жатпағанымды, азаматтық пікірімді жазғанымды ескерте кетейін. Белгілі/белгісіз себептермен тұрмыс құрмай қалған, жалғыз қалып қойған, жесір не ажырасқан қыздар көп бізде. “Теңімді табармын” деген үмітпен жүреді дағы, 50-60 жасқа келгенде жалғыз өзі күн кешеді. Не күйеу жоқ, не бала жоқ. Біреуінің болмаса да, біреуінің көкейінде “Кезінде неге бала туып алмадым екен?” деген өкініш болары сөзсіз. Тұрмыс құруға мүмкіндік қалмай, жұбыңды таппайтыныңа көзің жетті ме, денсаулықтың мүмкіндігі барда ешкімнің сөзіне қарамастан балалы болған дұрыс секілді. Өзің үшін. Тіршілігіңді жалғау үшін. Жалғыз қалмас үшін.
Мейлі, қоғам, туыс, таныс, бүкіл әлем “Күйеуге шықпай балалы болыпты” десін. Мейлі, өсек-аяң, сыпсың сөзбен талқыласын. Мейлі, кейбіреуі теріс айналсын. Мейлі! Өз ғұмырыңның мерекесі үшін бала керек. Жерден алып, жерге салатын, күйеуге шықпай, балалы болуыңа қарсы жанның бәрі ертең қартайғанда жаныңда болмайды. Түбі жалғыз қаласың», – дейді тележүргізуші.
Ерғалинаның айтуынша, қоғамда материалдық жағдайы бүтін, жаны жарты, қасында ешкімі жоқ, туған-туыс, құда-жекжаттың сөзі үшін, елден ұят болмасын деп, өмірін өзгенің сөзі үшін құрбан етіп жүргендер көп.
«Астанаға алғаш келген жылдары, Мерей күйеуге шығып кеткесін квартирада қазақ әйелмен тұрдым, бір бөлмесін жалдағам. Үйі, жұмысы бар. Өзі жалғызбасты. Күйеуге шықпаған. Жасы елуге жақындаған. Өмірі тек жұмыс пен үйдің арасында өтіп жатты, еш қызық жоқ. Араласатын ортасы жоғын айтатын. “Алам деген жігіт болса, кете бер” дейтін. Балалы болмағанына өкінетін.
Материалдық жағдайы бүтін, жаны жарты, қасында ешкімі жоқ, туған-туыс, құда-жекжаттың сөзі үшін, елден ұят болмасын деп, өмірін өзгенің сөзі үшін құрбан етіп жүргендер көп. “ҰЯТ”-ты орынды-орынсыз жалау қып ұстамас бұрын ертеңге де бағдармен қараған дұрыс секілді. Сіз қалай ойлайсыз?
Менің қызым бар. Екінші баланы да жоспарлармын, күйеуге шыққанда Мүмкіндік болмай жатса, туып алармын», – дейді Эльвира Ерғалина.
Оқи отырыңыз:
Хабар-ошарсыз жоғалып кеткен КТК арнасының операторы үйіне оралды
Назарбаев IELTS жанжалы туралы: Құдай ондай дәрігердің қолына түсуден сақтасын
Бұл Теміртаудағы шатыр болды: Назарбаев өзінің алғашқы жатақханасын есіне алды
Кім болса да, орнына қойыңдар: Назарбаев арандатушылар туралы әңгімеледі