Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айдар Тұрғанбек: Жас кезімде көп қателік жібердім

“Жігіттер” квартетінің әншісі Айдар Тұрғанбек жас кезінде көп қателік жібергеніне сенімді. Алайда өнер иесі жіберген ағаттықтарынан сабақ алып, болашақта оны қайталамауға ниет етіп отыр.

Айдар Тұрғанбек

Бұл туралы Айдар “Асыл арна” арнасына берген сұхбатында айтты, деп жазады Stan.kz тілшісі.

Айдардың өзіне ең ұнамсыз қасиеті – еріншектік екен. Әнші осы қасиетінің кесірінен мақсаттарына уақытында қол жеткізе алмай қалғанына сенімді.

“Кереметпін деп айтпаймын, бойымда қателіктер көп. Мысалы, соның бірі – еріншектік. Бір еріншектігім ұстап қалса, ұзағынан ұстап қалады. Ондай сәттерде көбіне үйде боламын. Сол еріншектіктен арылғым келеді. Себебі ол сенің алға жылжуыңа, көп мақсатқа қол жеткізуіңе кедергісін тигізіп қалады”, – дейді Айдар Тұрғанбек.

Бұдан өзге, әнші өзі жайлы айтылған алып-қашпа әңгімелерге деген көзқарасы жайлы айта кетті.

“Өзім жайлы қандай жаман пікір болсын естуге дайынмын. Өзім жайлы тек қана жақсы пікір естігім келмейді. Өйткені жақсы пікір адамды семіртіп жібереді, тағы да сондай пікір күтіп тұрасың. Адам жақсымын деп ойлап қалады. Кейде тойға асығып кіріп-шығатын кездер болады, сондай кезде ешкімге қарауға шамаң келмейді. “Тәкаппар болып қалғансың ба? Неге амандаспайсың?” деп айтқандар да болған”, – дейді “Жігіттер” тобының әншісі.

“Адам болғаннан кейін қателіктер көп болады. Адам сол үшін де жаралған. Өмірде 2 алған кездерім, қателіктерім көп болды. Жақсы адам, сол қателігінен сабақ алып, қайталамайтын адам, ал дана адам сол қателіктерді жасамайды. Жастық шақта қате көп жібердім, оны тізіп айтқаным дұрыс болмас. Енді соларды қайталамауға ниеттеніп отырмын”, – деп ағынан жарылды өнер иесі.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау