Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Асхат Садырбай ұятсыз болудың сәнге айналғанын айтып күйінді

Өлімнен ұят күшті! Иә, бұл сөзді ата-әжелереміз жиі қайталайтын. Қазақ “ұят болады” деген бір ғана сөзбен баласын тәрбиелейтін. Алайда бұл күндері қоғамда ұятты емес, ұятсыздықты насихаттайтын жандар көбейген. Бұл ретте журналист әрі тележүргізуші Асхат Садырбай “ұят” ұғымының аяққа тапталып кеткенін айтып күйінді, деп жазады Stan.kz.  

“Қазақтың “ұят” деген қастерлі ұғымын да, сөзін де тексіздер әбден тепкілеп, таптап тастады. Осы уақытқа дейін “өйтпе, ұят болады, бүйтпе, ұят болады” деген қарапайым сөздермен-ақ апа-әжелеріміз үлкен институттың рөлін атқарып келді. Өлімнен ұят күшті деп ұятты ойлап талай пенде райынан қайтты, ұятсыз нәрселерге жол берілген жоқ. Ұят жамандықтан тыятын жақсы құрал.

Өкінішке орай кейінгілер “ұят” деген түсінікті де, сөзді де ескіліктің жаңғырығы, анау-мынау деп, түсініксіз пәлсапаға салып анықтама беріп жұрттың миын ашытып тастады. Тіпті ұят деген ол комплекс, одан арылу керек дегендер де бар. (қазақта ұялу, қысылу, аяқ тарту, имену, батылы бармау, қорқу деген басқа да сөздердің, ұғымдардың бар екенін және оның әрқайсысының өз орнымен айтылатынын білмесе керек)” – дейді тележүргізуші.

Бұдан өзге, белгілі журналист бастан өткен оқиғасымен бөлісті.

“Еларнаға” алғаш келген жылдағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Кабинетте кішігірім жиналыс, әңгіме арасындағы үзілісте қыздар бірдеңе айтып күлді, мен қып-қызыл боп қызарып кеттім. Қыздар “ооо, қызарып кетті” деп одан сайын күле түсті. Сонда бастығымыз әрі ұстазымыз Айгүл Адиятоллақызы “ұялса, демек жақсы жігіт. Ұялмайтын, қызармайтын адамнан қорқу керек” деді. Қызарғаным үшін қысылып, ұялғаныма ұялып отырғанда анау әңгімені естіп мәз боп қалдым. Мені мақтағанына емес, ұялғаныма және ұятты түсінетін жандармен отырғаныма”, – деп жалғады сөзін ол.

Сөз соңында Асхат Садырбай ұятсыздықтың белең алып бара жатқанын ашына айтты. Ол оқырмандарын ұятты ұмытпауға шақырды.

“Ұят иманнан демеуші ме еді қазақ?! Қазір өкінішке орай бұл құндылықтың құны түсіп барады. Ұялу емес ұялмау сәнге айналды. Ұят – сәннен шығып қалатын немесе тозығы жетіп тастай салатын киім емес. Ол мәңгі, ол жүйе, ол мектеп, ол институт, ол үлкен қастерлі ұғым. Ұятты ұмытпайықшы”, – дейді журналист.

Жіберіп алмаңыз:

Сәкен Майғазиевпен суретке түсе алмаған тыңдарман әншіні балағаттап кеткен (видео)

Ернар Айдардың концертінің соңы жаппай айқай-шуға ұласты (фото,видео)

Алагөзов бұрынғы әйелінен дүние-мүлкін қайтару үшін сотқа қайта шағым түсірген

Белгілі композитор: Министрдің өзін аш ұстау керек

Талқылау