Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әнші Гаухар Қаспақова сахнадан көрінбеуінің себебін түсіндірді

Кезінде талай конкурстарда топ жарып, қанжығасы бос қайтпаған Гаухар Қаспақова бүгінде көрермен көзінен тасада қалған таланттардың тізімінде. Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген әнші қазіргі эстраданың дейгейін сараптап және жеке өміріндегі жаңалықтарын жеткізді.

– Гаухар ханым, қош келдіңіз! Бүгінде тыңдарманның көкейіндегі сауалдардың ең өзектісін жолдайын деп отырмын. Сіз қазір қайда жүрсіз?!

– Неге мені жоғалтып ала бересіздер? (күледі) Мен бармын! «Көп шайнаған еттің дәмі кетеді…» – дейді. Арасында сағындырып шыққанға не жетсін деген өз ойым. Содан кейін, жақсы материал болмай жүр, жақсы ән болмай жүр. Менің ішкі табиғи болмысыма келетін әндерді жазатын сазгерлер аз.

– Сөзіңіз аузыңызда! Бүгінде сіз бағалайтын сазгерлерді атай аласыз ба?

– Ол Кеңес Дүйсекеев, Төлеген Мұхамеджанов, Бейбіт Оралұлы, Сейфуллин Жолбарыс және Арман Дүйсеннің әндері ұнайды. Жас композиторларды танымайды екенмін. Енді бір күндік әндерді де орындай алмаймын. Қанша сазгерлер менің әнімді орында деп алып келеді. Бірақ, қанша жерден көңіліне қарағанымен, мен оны орындай алмайды екенмін.

– Көгілдір экраннан да көп көрінбейсіз, концерттерге де таңдап, талғап шығатын сияқтысыз?

– Мені талғампаз әншілердің қатарына жатқызады. Талғампаз екенім өтірік емес. Мүмкін әнге қатысты кірпияздықта бар шығар. Сөзіне үлкен мән беремін. Әніне, оның гармониясына. Дауыстың мүмкіншілігін көрсететін, философиялық, патриоттық әндерді жақсы көремін.

– Кезінде талай ән додаларына топ жарып, диапазоны жоғары әншілердің тізімінде едіңіз. Бүгінде конкурс әншілерін, той әндерін орындаушылар алмастырғандай. Бұл пікірмен қаншалықты келісесіз?!

– Қазір таяқ лақтырғанның бәрі әнші, өкінішке орай! Бір күндік әншілер мен әндер көп. Бірақ, сұқ саусағыммен көрсетіп айтпаймын. Халықты тәрбиелейтін әнші, өнерді насихаттайтын өнер адамдары. Қарапайым халыққа не берсең соны жейді. Әр әншінің өзінің тыңдаушысы бар. Талғамға байланысты ғой. Мысалы, Қайратты тыңдайтындар Димашты тыңдамайды. Димашты тыңдайтын адамдар Қайратты тыңдамайды деген сияқты әңгіме ғой. Бірақ, хит әншілердің барлығы вокалдық қабілеті жоғары әншілер деп айта алмаймын.

– Енді шығармашықтан, жеке өміріңіздегі жаңалықтарға қарай ауыссақ. Жанұяңыз жайлы өз аузыңыздан естісек?

– Менің Алла тағала берген, бір қыз, бір ұлым бар. Қызым он бірде, әнге құмар. Ұлымның жасы сегізде. Олда арасында ыңылдайды. Бірақ, сахнадан алшақ болатын сияқты. Әншінің балалары міндетті түрде әнші болуы мақсат емес. Дауысы бар болып тұрса да әнші болғанын қаламаймын.

– Дәл осы өзіңізге қарасам, өнерден көңіліңіз қалғандай көрінесіз. Ұл-қызыңыз өнер жолын таңдаса түбегейлік қарсы екенсіз. Себебі бар ма?

– Себебі, біз шоу-бизнес дамыған, өнер бағаланатын мемлекетте тұрсақ, бәлкім мен өз рұқсатымды беретін бе едім. Қор болмасын, жем болмасын деп санаймын. Сахнада бақыт жоқ. Сахнада бақыт болса, жүрмейміз бе сахнада. Сырт көзге жылтырап көрінгенімен, оның қандай бағамен келіп жатқанын, қандай еңбекпен келіп жатқанын, қандай өркөкіректің қажет екенін қарапайым халық ол жағын біле бермейді. Сол себепті мен балаларымды алшақ ұстағым келеді.

– Өнер адамысыз ғой, жолдасыңыз қаншалықты қолдап отырады?!

Біз екі бөлек әлемнің адамдарымыз. Сол себептен қорғау да, қолдау да болмады. Өнер жолына шық, сахнаға шық деген ондай әңгіме естіген жоқпын. Шықпа деп те айтпайды.

– Бүгінгі эстрадаға көңіліңіз толады ма?!

– Эстрада жақсы! Көптеген шоулар жасалып жатыр. Бір күндік әншілердің қатысуымен әйтеуір неше түрлі шоулар болып жатыр. Соның куәсі болып жатырмыз.

– Мәселен, 100 пайыздық шкала алдық делік. Бүгінде Гаухар Қаспақова қанша пайыз шығармашылыққа ден қойып жатыр. Бағамдап көрейікші…

– Мен шығармашылықтан қатты қол үздім деп айтпаймын. Өйткені ол ана сүтімен, табиғи қанмен келеді ме, жоқ Алла тағаланың берген сыйы ма, ол қалмайды екен. Сенің бойыңда бар нәрсе. Сол себептен мен қазіргі таңда шәкірттер тәрбиелеп жатырмын. Жарыстарға барамыз. Әзірге әннен гөрі, ұстаздыққа көп көңіл бөліп жүрмін.

– Бірнеше жыл декреттік демалыста отырып, көк жәшіктен көп көрінбей кеттіңіз. Сахнаға қайта оралған сәтте әріптестеріңіз құшақ жая қарсы алды ма? Дегенмен, көзден кеткен адам, көңілден де кетеді деген бар ғой…

– Жатырқауды байқаған жоқпын. Кінәлап жатқан сияқты көзқараспен қарайды. Жоқ болып кеттің, неге шықпайсың деген сияқты, қапаланған көзқараспен қарайды. Ол дегеніңіз, мені қажетсініп, көргісі келіп тұрғандықтан болар деп ойлаймын. Мен оның барлығын түсінемін. Бірақ, балаларымның тәрбиесіне үлкен мән беремін. Мәселен, балаларымның сабағы нашарлап, тырнағы кір болып жүрсе, мен бір жерге барып ән айта алмайды екенмін.

– Бүгінгі сұхбатымыздың соңғы сауалы болсын. Дәл қазір Гаухар Қаспақованың шығармашылығында қандай тың жаңалықтар болып жатыр?!

– Мен үндемей жүріп бірнеше жаңа ән жазып тастадым. (күледі) Көңілімен шыққан әндер болса, студияға барып дауысымды жазып келемін. Әндер жиналып жатыр. Келесі жылы жаңа үнтаспамды жарыққа шығарып қалармын.

– Арнайы уақыт бөліп, шынайы сұхбат бергеніңізге алғыс білдіреміз! Тыңдармандарға тарту етер тың тректеріңіз көп болсын!

Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.

Жіберіп алмаңыз:

Төреғали желіде Ерке екеуін масқаралаған видеоға қатысты түсініктеме берді

Алтынай Жорабаева: Ажырасамын деп күйеуге тиген жоқпын

Айдарбековтер әулеті жаңа құдаларды сән-салтанатпен қарсы алды (видео)

Баян Мақсатқызы экс-күйеуінің қаталдығы туралы бар шындықты айтты

 

Талқылау