Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевпен Берлинге дейін жеткен ардагер Алматыда тұрады

Алматыда әйгілі батыр Рақымжан Қошқарбаевтың қаруласы өмір сүреді. Жақында 95 жасқа толған Жанша Жанасов кезекті Жеңіс мерекесіне дайындалып жатыр.

Фото: © Sputnik

Қарияны «Болашақ» түлектері арнайы құттықтап, естеліктерін тыңдап қайтты, деп хабарлайды Астана.

Стипендиаттар қауымдастығы тек мереке қарсаңында ғана емес, жыл бойы ардагерлерге қажетті көмекті көрсетіп отырады.  Қарт жауынгер Бірінші Белорусь майданында шайқасқа араласады. Жеңіске деген бетбұрыс күшейген тұста Варшаваны алу кезінде кескілескен ұрыстың ішінде жүрген. Қарамағында 40 сарбазы бар взвод командирі ретінде «Висла» өзенінен өткен мезетте жаудың қарсылығына тап болады. Берлинге кіргенде жараланып, бірнеше күннен соң, қандасы Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа жеңіс туын тіккенін  естиді.

“Берлинге таяғанда мен жарақат алып қалдым. Оқ 17 апрельде тиді. Рақымжан болса, взводымен барды. Отызыншы апрель күні  басшылар айтты, басында офицері бар топты жіберейік, барып рейхстагқа ту тіксін деді. Анау Рейхстагқа қарасаңыздар, оң жағынан санағанда екінші колоннаға барып ол тікті”, – дейді Ұлы Отан соғысының ардагері.

Жанша Жанасұлы кезекті Жеңіс мейрамын аман сау қарсы алғанына қуанышты. Биыл 73 рет қатары сиреген қаруластарымен кездесіп, отты күндердің естеліктермен бөлісуді жоспарлап отыр. Бірақ қария бір адамды ылғи сағынады. Ол өмірлік досы Рақымжан Қошқарбаев болатын. Әйгілі қолбасшымен бірге 17 жасында майдан даласына бірге аттанып, бейбіт заманда да оның қасында, ғұмырының соңғы күндеріне дейін бірге болған.

Алматыда Ұлы Отан соғысы ардагерлерін қамқорлығына алу міндетінен «Болашақ» бағдарламасының өкілдері де шет қалмады. Олар соңғы 6 жылда осындай қайырымдылық бастамаларды жалғастырып келеді. Шаһарда 80 ардагерді қамқорлықтарына алған. «Тоғызыншы мамыр» деп аталатын жоба аясында бүгін бастамашыл топ мүшелері Жанша ақсақалды да құттықтай келді.

“Апта сайын, айына 2-3 рет. Олар біздің телефондамымызды біледі. Керек кезде хабарласып, дәрі-дәрмек, азық-түлік керек дейді. Көшені тазалап беріңіз дейді, өзіміз барамыз, еріктілерді жібереміз. Осындай мейрам кезінде барлық базадағы ардагерлерді ерекше құттықтаймыз”, – дейді «Болашақ» қауымдастығының Алматы қаласы бойынша директоры  Қымбат Әбдікерімова.

Алматыда қазір 800-ден астам Ұлы Отан соғысының ардагері өмір сүріп жатыр. Олардың жасы 92-ден 101 жас аралығында. Жергілікті билік биыл қарт сарбаздарға мереке қарсаңында 250 мың теңге бір реттік жәрдемақы төлемек.

Тағы оқыңыз: 

Алматыда 10 балалы отбасын жалдамалы пәтерден қуып шықты

Головкин мен Мартиросянның жекпе жегі Қазақстанда қай уақытта көрсетіледі?

Оралда қайынатасы өлтірген келінді күйеуі салонға кіргізіп, қызметкерлерден 4 сағатсыз жібермеуін сұраған

Талқылау