Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында бір топ ата-ана мұғалімдермен жаға жыртысты

Алматы облысында баласы колледжге түсе алмай қалған бір топ тұрғын мұғалімдердің бетін жұлуға дейін барды. Айтуларынша, аспаз мамандығына тапсырған ұл-қыздарын колледждегілер ақылы оқыту үшін сынақтан әдейі құлатыпты. Тіпті тест парағындағы дұрыс жауаптарды қасақана қате ғып түзеп, баланың талабын қайтарды дейді ата-аналар, – деп хабарлады КТК арнасы.

КТК
9-шы сыныпты бітірген ұл-қыздар талабы таудай болмағандықтан емес, ата-ананың қалтасына ауыртпалық түсіргісі келмегендіктен құжатын аспаздыққа тапсырған. Десе де, әке-шешеге жаны ашыған балаға колледждегілердің жаны еш ашымай отыр екен.

«Директор орынбасары баламның емтихан парағын қаламмен түзеп отырғанын өз көзіммен көрдім. Дұрыс жауабын қасақана қате қылып жіберген. Оқуға түсіп тұрған баламды сынақтан әдейі сүріндірді. Әділетсіз өтті бұл емтихан», – дейді Талғар қаласының тұрғыны Валентина Дрябина.

Аспаздықты тегін оқу үшін түлектер кемінде 25 сұраққа дұрыс жауап беруі тиіс екен. Тестілеудің өзі бар-жоғы 50 сауалдан тұрады. Тек сол тілдей тестіні мұндағылар табыс көзіне айналдырып жіберген дейді балалар.

«Мұғалімдердің кейбір балаларға дұрыс жауаптарды тасып жүргенін өз көзіммен көрдім. Емтихан әділетсіз өтті. Таныстары барлары ғана тапсырып кетті», – дейді түлек Линара Ғаниева.

Ал ақылы оқу айына 16 мың теңге екен. Біреулерге аз шығар, ал бұл отбасылар үшін әжептеуір ақша. Оқу ақысынан басы шыр айналған ата-ана қызыл ала ғып түзетілген тестіні құшақтап емтихан қабылдағандарды жұмыс орнына іздеп барды.

Тек баласын ерткен ата-анамен тілдесудің орнына, колледждегілер есігін тарс жапты. Көлігі кіреберісте тұрған колледж директоры да тығылып шықпай қойды.

Колледж есігі кеш батқанда барып бір-ақ ашылды. Бірақ басшы сол күйі төбе көрсеткен жоқ. Ал орынбасарлары неліктен қашып жүргендерін айтып түсіндірді. Сөйтсе, аспаздыққа грант тым аз бөлінгендіктен оқуға бәрі бірдей түсе алмай қалған екен.

«Бала көп білесіз ба. Бұл жерде бізде жағдайы төмен отбасылар түседі. Оның бәрі қамтылған кімдікі 25-тен жоғары сол жақта бәрі ілініп тұр. Бұл кісілер енді ашу ызамен. Енді біз 63 баланы қабылдай алмаймыз ғой. Біз енді тек осының ішінен 25 баланы қабылдай аламыз түсіндіңіз ғой. Енді мен білмеймін бұл кісілерге не айтарымды?» –  деді Талғар политехникалық колледжі директорының орынбасары Жеңіскүл Құрманқожаева.

Енді сабағын жалғастырғаннан басқа бұл оқушылардың амалы жоқ. Басқа оқу орындары емтихан қабылдауды баяғыда тоқтатқан. Ал кейін ҰБТ-ны тапсырғанның өзінде тегін оқуға түсуі екіталай. Болашағын ойлап балмен басы қатқандар құжатын құшақтап үйді-үйіне тарасты.

Жіберіп алмаңыз: 

ОҚО-да колледж директоры грантты 3 млн. теңгеге сатып алмақшы болды

Атырауда оқуға грантпен түскен студенттерді колледж басшылығы алдап соққан

Талқылау