Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы перзентханада әйел көп қан жоғалтып, көз жұмды

Алматыда әйел ғылыми орталықта кесарь әдісімен босанып, көп қан жоғалтқандықтан перзентханада бес күннен соң көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Оқиғатуралы заңгер Динара Жұбатова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында баяндап берді. Оның айтуынша, әйел үшінші баласын өмірге әкелген.

“Өкінішке орай, Динара кіші ұлын ешқашан көре алмайды. Себебі, ол Алматыдағы акушерия гинекология ғылыми орталығында кесарь әдісімен жасалған отадан тірі шықпады. Операцияны 3 маусымда жоғары санатты тәжірибелі дәрігер, ғылыми орталықтың директоры Мырзахметова Динара Досәліқызы жасаған. Марқұмның жүктілігі де, босану операциясы да ауыртпалықсыз өткен. Тек отадан соң жас босанған ана көп қан жоғалтыпты”,- дейді заңгер.

Оның айтуынша, тура бес күн ол өмірі үшін арпалысқан. Сол уақытта оған бірнеше ота жасалыпты. Тіпті, жатырын алып тастаған. 

"Сол арада ол бес литр қан жоғалтты Динара тірі кезде медицина қызметкерлері оның денсаулығы туралы еш хабар берген жоқ, туыстарының ешқайсысы қош айтысып үлгермеді. Ал ғылыми орталықтың басшысы әлі күнге дейін үндемей отыр", – делінген жазбада.

Жұбатованың айтуынша, денсаулық басқармасы жас босанған ананың өлімі бойынша тексеріс бастамаған көрінеді. 

Ал ғылыми ғылыми орталықтың басқарма төрайымы Динара Мирзахметова жағдай бойынша барлық құжаттар тиісті органдарға сараптама жасауға жіберілгенін, өлім себебі – көп қан кету екенін айтты. 

"Тек Қазақстанда емес, дүниежүзінде де ана өлімінің негізгі себебі акушерлік қан кету болып саналады, ол жылдам және көп мөлшерде өтуімен ерекшеленеді. Көп мөлшерде қан кету жағдайында әйел ағзасының басқа да жүйесіне кері әсерін беруі жиі кездеседі. Сондықтан акушерлік қан кету кезінде және оның салдарынан көмек көрсеткенде түрлі дәрігер мамандар қатысады", – дейді ол.

Ал әйелдің жақыны Шынар Сырбаева ғылыми орталықтың марқұмның неден қайтыс болғаны туралы қағаз да бермей отырғанын айтады.

“Қолымызда перзентханадан шығуы туралы да құжат жоқ. Сондай-ақ баланың да перзентханадан шығарылғаны жөнінде құжат жоқ. Баланың қан талдауларын да көрмей отырмыз. Динарамыздың өлімінен кейін екі ай өтті, сіздер тарапынан ешқандай әрекет көрмедік, түсініктеме естімедік. Динараның жағдайы тұрақты деп бізді сендіріп келдіңіздер. Сіздерге сеніп, айқай-шу шығармадық. Тіпті ол қайтыс болғаннан кейін де сіздерден ресми жауап күттік, жауап алған жоқпыз", – дейді Шынар.

 

Талқылау