Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда актриса көз жұмған жол апаты: Куәгер жолаушылардың тірі болғанын айтты

Өткен жылдың соңында Алматының орталығында болған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Апатқа куә болғандардың бірі оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Айтуынша, Gelandewagen соққан көліктегі жолаушылар бастапқыда тірі болған, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Stan.kz.

Алматыда актриса көз жұмған жол апапты: Куәгер жолаушылардың  тірі болғанын айтты

Сурет: ҚазАқпарат

Ауыр жол апатына куәгер болған есепші Елена Никонованың сөзінше, сол күні жол ашық болған екен. Көше де таза болды, дейді ол. Таңғы сағат 5-тің шамасында жұмысқа бара жатқан ол Сейфуллин көшесімен Абай даңғылының қиылысындағы бағдаршамға келіп тоқтапты.

«Мен Mitsubishi Galant маркалы көліктің артынан келіп тоқтадым. Біздің сол жағымызда автобус тоқтап тұрған еді. Ол да жол апатының орын алуына өз үлесін қосты десек болады. Себебі автобустың ар жағында Gelandewagen ұшып келе жатқанын көрмедік. Galant жасыл шамға жүріп кетті, артынан мен қозғалдым. Осы кезде көлденең түскен қара көліктің есігі көрінді. Сол сәтте қатты соғылды, менің көлігіме әйнектің сынықтары шашырады. Мен шоктан есімді жиып, көлігімді жол шетіне қойып, оқиға орнына жүгіріп бардым», – дейді куәгер.

Елена Никонованың сөзінше, соғылған Mitsubishi Galant көлігінде отырған жолаушылар бастапқыда тірі болыпты. Сол жерде болған адамдар оларды көліктің жүк салғышы арқылы алып шыққан.

«Көлікті аударған кезде, есіктер жапырылып қалғандықтан, қыздарды багажник арқылы алып шықты. Жедел жәрдем келгенше олардың жүрегі соғып жатты», – дейді Никонова.

Өз сөзінде куәгер апатқа себепші болған Gelandewagen жүргізушісі Ілияс Кардың оқиға орнынан кетіп бара жатқанын көргендей болғанын айтады. Жүргізушінің аяғы тәлтіректеп тұрды, алайда ол апаттан емес, дейді ол.

«Мен білмеймін, мүмкін қателесетін болармын. Бірақ Gelandewagen жүргізушісін екі адам келіп екі қолтығынан алып бара жатқанын көргендей болдым. Бұл апаттан кейін шамамен 5 минут өткен соң болды. Бәрі естерін жиып жан-жағына қарағанда сол үшеуі басқа көлікке отырып кетіп бара жатқанын көрдік. Жүргізушінің аяғы тәлтіректеп тұрғаны байқалды. Бұл апаттан емес, ол анық. Жол апатынан кеуде ауыруы мүмкін. Бірақ аяққа зақым келмейді», – дейді жол апатының куәгері.

Айта кетсек, аталған іс бойынша Gelandewagen жүргізушісі Ілияс Кар өтіп жатыр. Ол ҚР ҚК 345, 347-баптарына сәйкес көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы салдарынан абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соқты және жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалды деп айыпталып отыр. Ілияс Кар сотта өз кінәсін ішінара мойындады.

Сот отырысында Кардың жұбайы оның апат кезінде мас болмағанын айтты.

Еске сала кетсек, 29 желтоқсанда Алматыдағы Сейфуллин және Абай даңғылдарының қиылысында жол апаты орын алып, салдарынан 3 адам мерт болған еді. Олардың ішінде актриса Шолпан Елгезекова да бар. Дәл осы көлікте отырған актриса Айзада Сатыбалдиева ғана аман қалып, ауыр жарақатпен аурухананың жансақтау бөліміне түскен еді. Ол ақпан айының басында ауруханадан шығарылды.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау