Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Актер Санжар Мәди алдағы уақытта әзіл ән жазатынын айтты

Актер Санжар Мәди Әміре Қашаубаевтың рөлін сомдау үшін қалай дайындалғанын және алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті.

Санжар Мадиев

– Хан кейіпкерін сомдау үшін қы­лыштасып үйренген екенсіз. Әміреге қалай дайындалдыңыз?

– Екі жарым айға жуық домбыра үйрендім. Сабақты жақын досым әрі бүгінгі таңдағы ең мықты домбырашы Нұржан Тәжікенов жүргізді. Күн сайын негізгі шаруаларын бітірген соң кеңсеге келіп, түнімен бірнеше сағат бойы дом­быра үйретті. Күндіз сол кешегі өткенді өздігіммен қайталап, ұштайтынмын. Соны­мен бірге, түстің кезінде вокал са­бақтары болды. Өйткені ән айтқан кезде дауысты қалай көрсетіп, жеткізу керегін үйрендім. Үзіліс уақытында биограф Жар­қын Шәкәріммен және режиссер Сатыбалды Нарымбетовпен Әміренің мінезі, болмысы туралы сөйлесетінбіз. Одан бөлек, сол уақыттағы оқиғалар­ды сөз етуші едік. Кітапханаға барып, Затаевич пен Әмірені зерттеген ғалым­дардың жұмыстарымен танысатынмын.

– Голливудқа шақырылып, киноға ұсыныс алып жатқан жоқсыз ба?

– Ол жаққа қатыстының барлығы өте үлкен жұмысты талап етеді. Өйткені мыңдаған шақырым қашықтықтамыз. «Әміре» – Голливудпен бірлескен ал­ғаш­қы фильмім. Мұның мақсатыма жетер жолдағы нық қадам екеніне сенімдімін. Голливудта танымал болу үшін оларға өзіңнің қайталанбас, бірегей талант екеніңді дәлелдеу керек. Бүгінде гол­ли­вудтық режиссермен екінші ха­лық­ара­-лық жоба бойынша жұмыс бастап жа­тырмыз. Діттеген мақсатыңа асық­­пай, бірақ дұрыс жете білу қажет.

– Әмірені тым «гламур» етіп көрсет­кен деген сын айтылып жатыр. Бұған не дейсіз?

– Бұл пікірмен келіспеймін. Бәлкім, талғампаз десек, дұрыс болар. Мұнда «гламур» ештеңе көріп тұрғам жоқ. Антон Чехов айтпақшы «Адам барлық жағынан жақсы болуы керек: түрі де, киімі де, жан дүниесі де, ойы да». Әміре ауылда тұрса да, көп ұзамай қалада театрда қызмет еткен.

– Кенесарының рөлі арқылы көпші­лікке ұнаған едіңіз. Оған қалай шақырту алдыңыз?

– Қазақфильм студиясында кастинг өтті. Маған қоңырау шалып, хабарласып, іріктеуге келуімді сұрады. Шыны керек, қатты толқыдым. Өйткені менен бөлек, осы рөлге үміткерлердің ішінде небір мық­ты театр актерлері де болды. Саты­балды Нарымбетовпен танысқан соң, мені киім ауыстыратын бөлмеге апарып, іріктеуге сай келеді-ау деген киім кигізді. Берілген мәтінді оқыған соң, Сатыбалды аға «Бізге керегі – осы жігіт. Мұнда Кенесарының рухы бар. Оны көзінен көріп тұрмын» деді. Осылайша, рөлге бе­кітілдім.

– Болашақта кино түсіруді жос­пар­лайсыз ба? Жанры қандай болуы мүмкін?

– Өзімді көптеген жанрларда байқап көргім келеді. Содан барып жаныма жа­қын түрін таңдап, жүрек қалауымды таба аламын. Қай жанр көбірек қолайыма келетінін түсінемін. Жұмыстарымды осы бағытта істеп жатырмын. Өзіме кө­мек-тесу үшін бірнеше адамды жаныма алып алдым. Бір уақытта бір-бірімен үш қай­наса сорпасы қосылмайтын қос жанрда жұмыс жүргізу туралы ойым бар. Алдағы уақытта бірін таңдап, толығырақ айта­-мын деп ойлаймын.

– Қандай рөлдерді жақсы көресіз? Аттила мен Шерлок Холмсты неге сом­­да­ғыңыз келеді?

– Жағымсыз кейіпкерлер ұнайды. Өйткені оларда өмір мен драма бар. Ат­тиланы сомдағым келетін себебі, сол кезеңдегі ірі баталиялар, шиеленістер қызықтырады. Дәл осы уақыттағы оқи­ғалар жайлы фильмдер өте аз. Шерлок Холмсқа қатысты айтар болсам, бұл – нағыз мидың жұмысы. Өзім түрлі бас­­­қатырғыштарды шешкенді жақсы кө­рем. Күрделі істердің шешімін іздегенді ұна­тамын.

– Ең сәтті және ең сәтсіз деп қай кино­дағы рөліңізді айта аласыз?

– Бұл – актер үшін ең қиын сауал. Ойланып отырсам, карьерама трамплин болған «Сказ о розовом зайце» фильмін­дегі рөлім ерекше ыстық сыңайлы.

– Актерлер шетелде танымал болуы үшін ағылшын тілін үйренуі тиіс сияқты. Өйткені іріктеу кезінде сіздің ағылшын тілін жақсы меңгергеніңіздің мол әсері болды деседі. Тіл меңгеруге қатысты не айтасыз?

– Барлығына бірдей жағатын уни­версал формула жоқ. Мысалы, балалардан үлгі алу керек. Өйткені олар аз уақыт ішін­де тілді тез үйреніп алады. Олардың әдістері ойнақы, ойнап жүріп үйренеді. Сонымен бірге, ортаның да әсері жоқ емес. Достарыңның ішінде ағылшын тілінде сөйлейтіндер көп болса, тіл үйрену процесі де жеңілдеп, жеделдей түседі. Фильмдерді түпнұсқада көріп, кітаптар, газет-журналдарды көп оқу керек.

– Жақында юморлық ән айтуымыз мүм­кін дегеніңізді естідік. Қашан естиміз?
– Қазір уақыт жағы келіспей жатыр. Графигім де өте тығыз. Бүгін Қазақстанда жүрсем, ертең Моңғолияға түсірілімге кеткелі жатырмын. Бірақ аталған идея үнемі ойымда жүреді. Алдағы уақытта
әзіл ән жазамын деп үміттенемін.

– Кино саласында жүргеніңізге он жыл толыпты. Осы жылдарға шағын шолу жа­сайықшы.

– Осы уақыт ішінде биікке самғаған да, төменге құлдыраған сәттерім де аз болмады. Он жыл ішінде қолға алған әр жобама жанымды салдым. Тағдырымда жолыққан әр адамға ризамын. Өйткені менің кәсіби бола түсуіме әрқайсының септігі тиді. Тіпті қол ұшын берме­ген­дерінің де, қолқанат болғандарының да көмегі бар. Кино саласына келген сәтте еш танысым болмады. Бүгінде осы жерде тапқан әр досыммен мақтанамын. Маған танымалдылық аспаннан бе­ріл­ген жоқ. Тіпті арада он жыл өтсе де, өзімді дамыту жолында жұмыс істеп келемін.

Айқын газеті

Тағы да оқыңыз:

Жан Ахмадиев жеке басын қорлаған журналистен ел алдында кешірім сұрауын талап етті (видео)

Басы дауға қалған Мұхтар Шаханов: Шындықты айтқаным үшін кешірім сұраймын

Қайрат Нұртас туған інісімен бірге ағылшынша жаңа ән жазды

Өзімнің сұлулығыма таңғалам: Қайрат Нұртас әзіл айтып елді күлдірді (видео)

Талқылау