Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Басы дауға қалған Мұхтар Шаханов: Шындықты айтқаным үшін кешірім сұраймын

Бүгін Жамбылдың ұрпақтары мен ақын мұрасын құрметтеуші бір топ азамат Жазушылар Одағына барып, мәлімдеме жасады.

Мұхтар Шаханов

Олар “даңқты ақынның аруағына тас атып, жырын қорлауға жол берілмесін” деп талап қойып отыр. Ал, адуынды ақын Мұхтар Шаханов бұл жолы райынан қайтып, қатты кеткенін мойындады. Әруақтардан кешірім сұрапты, деп хабарлайды Евразия арнасы.

Наразы топ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің атына өтініш хат ала келіпті. Бұл құжатқа 560 адам қол қойған. Талабы екеу: Жамбыл атамызға ауыр жала жапқан М. Шахановтың мәселесі қаралып, оны Жазушылар Одағы мүшесінен шығару. Бұл бір! Екіншісі: Мұхтар Шахановты Жазушылар Одағы сотқа берсін деп, табандап тұр.
«Мұхтар Шаханов ағамыздың өте бір жаңсақ, жаман сөздеріне сол үшін, біз алаштың ұрпақтары боп, ауызбіршілікті сақтайық деп, ол кісінің қате айтқанын дәлелдейік деп, осы жерге кеп отырмыз».

Жамбыл ғана емес, қазақтың ірі-ірі тұлғаларының пендешілігін әшкере етем деп, басы дауға қалған ақын журналистерге шығып, бұрынғы ойынан қайтқанын, қызбалыққа сап, қатты кетіп қалғанын мойындап, әруақтар алдында кешірім сұрап отыр.

«Менің мынадай бір ұстанымым бар. Кім шындығын жоғалтып алса, ақты ақ деп айтудан қалса, яғни сөзі басқа, ұлттық, ғаламдық мүддеге тамыр жібере алмаса, пенделігі өзіне ғана емес, еліне зияны тисе, ондай ақынның да, ғалымның да мазмұны далбаса. Сондықтан шындықты айтқаным үшін, әруақтардың барлығынан кешірім сұраймын» – деді ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов.

Жазушылар одағының басшылығы наразы топтың өтініш-талабын арнайы талқылап, бір аптаның ішінде нақты бір шешімге келетіндерін айтты. Наразы топ «Қазақтың зиялы қауымы осылай аруақты қорлап, бөлініп алып, дауласып жатса, күні ертең қазақ деген ұлтта не тамтық қалады?! Ұлт боламыз десек, кейінгі ұрпақ ата-бабаласына топырақ шашпауы керек, керісінше олардың мұрасын насихаттап, ұрпақтан ұрпаққа паш етіп отыруымыз керек» дегенді айтып тарқасты.

Ақын Шаханов Мұқағали Мақатаевты Жұқағали Бұқатаев деп, Мағжанның өліміне Мұхтар Әуезовтің де кінәсі бар деп келтірген жырларын жариялаған еді. Ал, Жамбыл Жабаев Сталиннің туфлиін жалаған дейді, бір өлеңдерінде.

Мұхтар Шаханов “Біз тіл үшін күресіп жүргенде Мұқағалидің арақ ішуден қолы босамады” деген пікір айтып, сол үшін елдің сынына қалған еді. 

Тағы да оқыңыз:

Орынбасары: Шаханов жас келіншекпен көңілдес дейді, бірақ жаланы да қисынын тауып айту керек қой

Мұхтар Шаханов Оразалинді «Қоразалин», Оразалин Шахановты «Шакалов» деп атады

Талқылау