Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-та білім алған Сафар Шәкеевтің еңбектері (видео)

28 шілдеде белгілі қазақстандық композитор Еркеш Шәкеевтің із-түссіз жоғалған 24 жастағы ұлы Сафар Шәкеевті іздеушілердің және оларға тілектес болып отырған барша жұртшылықтың үміті үзілді. 16 шілдеде хабар-ошарсыз кеткен Сафар Шәкеевтің өлі денесі қала ішінде, Есентай өзенінен табылды.

сафар

Бұл туралы Қазақпарат жазды.

Сафар Шәкеев 1991 жылы 2 қыркүйекте Көкшетау қаласында туған. 16 жасында жоғары білім алу үшін АҚШ-қа аттанады.

Чепмен (Chapman University) жеке университетінің (Калифорния штатының Ориндж қаласы) кинематография және медиаөнер (Dodge College of Film and Media Arts) бөлімінде оқыды.

Өзінің білімі мен дарынын қашанда ізгілікті істерге жұмсауға ұмтылды. Оның қысқаметражды фильмдері мен клиптері шынайы сезімге және мейірімге толы.

Қазақстанға оралған соң, Сафар Шәкеев ірі дүкендердің біріне қызметке орналасып, креатив бөлімін басқарды.

Бірқатар жарнамалық және әлеуметтік бейнероликтер түсірді. Олардың бірі – сүйікті Отанымызға арналған.

Бір жолы, бірге істейтін әріптестерінің бірінің ұлы сол жақ бүйрегінің нефробластома (эмбриондық қатерлі ісік), Вильмс ісігі  дертіне шалдыққаны анықталған кезде Сафар клиника мен тиісті мамандарды табуға көмектесіп қана қоймай, кішкентай Алан жайында әсерлі ролик түсіреді.

«Иә, роликті Сафар мен Рүстем түсірген. Сафар өзі жетекшілік жасап, роликті өзі монтаждады. Рүстем көмектесті. Сафар ерекше бір мейірімді жан болатын», – деп жазады кішкентай Аланның анасы Динара Седирова.

Сафар боксты жақсы көрген. Геннадий Головкиннің жекпе-жектерін үзбей тамашалайтын болған. Сафар тағы бір боксшыны ерекше құрмет тұтты. Ол – атақты Мохаммед Әли.

Сафар әкесін қатты сыйлайтын. Оны мақтан тұтатын. Шығармаларына тәнті болып жүретін.

Өзінің әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларына әкесінің шығармаларын жариялап, оның концертіне өзінің достары мен таныстарын тұрақты түрде шақырып отырған.

Әрине өзі де музыканы ерекше ұнатты. Сәйкесінше, ән салатын болған. Бірақ, оны мүмкіндігінше жария етпеуге тырысқан. Ол бұл туралы ғаламтор бетіне тек бір рет қана өзінің бейнеролигін жариялапты.

Оның астына: «Ал енді мен бастайын деп отырған мына ән біржола интернетте қалатын болды. Мен өзімнің ішкі қорқыныштарымның бірін – көпшілік алдында ән салуға деген қорқынышымды жеңгім келеді. Өйткені, мен ешқашанда әнді нәшіне келтіріп орындай алған емеспін. Оны мойындаймын», – деп қолтаңба жазған.

Бүгін Алматы жұртшылығы Сафар Шәкеевті соңғы ақтық сапарға шығарып салды. Қаралы жиын «Қазақконцерт» залында өтті.

Сафар Шәкеев Кеңсай-2 зиратына, Батырхан Шүкеновтың қасына жерленді.

(Материал әлеуметтік желілердегі материалдар бойынша дайындалды)

 

Талқылау