Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында жанармай бекетін тонаған полиция басшысы өзі басқарған изоляторға жабылды

Ақмола облысында полицейлер жанармай бекетін тонаған адамның кім екенін көргенде таңданысын жасыра алмады. Ол бұрынғы полиция басшысы болып шықты, деп хабарлайды КТК.

Күдіктіден ақша мен қару тәркіленді. Тонау ісі Астана-Көкшетау тас жолында Шортанды кентінің маңында болды. Ер адам бетперде киіп, бекетті таңға жуық тонаған. Ол кезде бекетте бойжеткен болған.

Бейнебақылау камерасына түскен ер адамның әйнекті шағып, бекетке кіргені байқалады. Кассирден ақша талап етеді. Оның тонауына екі минут жеткілікті болды.

Ол миллионнан астам ақшаны алып, қашып кетеді. Бекет қызметкері қазір жауап беруден бас тартты. Бекеттегі бойжеткен әлі де өзіне келе алмай отыр.

“Мен қазір сіздерге ешнәрсе айта алмаймын. Мен пікір білдіретін жағдайда емеспін”, – дейді ол.

Полицейлер күдіктіні сол күні ұстады. Оның полиция басшысы екені белгілі болды. Күдікті жай ғана полиция қызметкері емес, басшы болған.

«Өкінішке қарай полиция қызметкері қылмысқа қатысы бар болып шықты. Ол Ақмола облысы Шортанды ауданының уақытша тергеу изоляторының басшысы. Қазір ол өзі басқарған изоляторға өзі жабылды. Үйінен 860 мың теңге мен аңшылық қару табылды. Оған 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр. Күдіктінің кәмілетке толмаған үш баласы бар. Полицейдің бұл іске не себепті барған әзірге белгісіз», – дейді ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау