Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүрсін Ерман: Қатарластарымның ең біріншісі болып үйлендім, үй алдым, көлік алдым

Айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, ақын Жүрсін Ерман балалық шағы мен мектебі, туған ауылы мен қарт анасын еске алды. Ақынның достары, сыныптастары оның жақсы-жаман мінезі туралы баяндады. Алғашқы махаббаты Жүрсін мырзаның өзіне ғашық болғанын мойындады. 

Бұл туралы “Ең алғашқы” бағдарламасында айтылды.

Жүрсін Ерман өзінің жарығы мен өркениет бармаға шалғай ауылда туып-өскенін айтады. Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қурайлы ауылында ақынның балалық шағы өтті. Жастайынан ұяң болғанымен, оқуда зерек, алғыр болып өскен. 10-сынып оқып жүргенінде-ақ “Қазақ әдебиеті” газетінде өлеңдері шыққан. Мектепті бітірісімен оқуға Алматыға аттанып, жұмысқа кіріскен. 

“Мен жарық та, өркениет те, Совет одағы да барып көрмеген ауылда өмір сүрдім. Шамның жарығымен оқу оқыдық. Әкем мен 1-сынып оқып жүргенде өмірден өтті. Анам еңбек етіп, қара жұмыс істеп жүріп бізді жеткізіді. Оқытты, ешкімнен кем қылған жоқ. Мен сол еңбегін ақтасам екен, анам қасымда жүре тұрса екен деп Алладан тілеуші едім. Анама қызмет қылсам, менің қызығымды көрсе деп армандадым. Сол ниетпен жұмысқа ерте араластым. Қарт анамды Алматыға әкеліп, қолыма алдым. Алла тілегімді қабыл алса керек, 90 жас жасады. Өзімнің қолымда болды”, – деді Жүрсін Ерман.

Әпкесі Сақыпжамал Молдашқызы інісінің мектепте жақсы оқығанын, ерке, кенже ұл болып өскенін айтады.

“Жүрсіннің жаңа туған кезі, сәби кезі көз алдымда. Мен бағып өсірдім десем де болады. Мектепте жақсы оқыды. Әкем соғысқа қатысып, жаралы болып келді. Жүрсін “аға, мен бес алдым” деп қуанып келеді. Сонда әкесі “бес алсаң, бес нан жей ғой” дейді. Ол кезде нан ғана бар еді. Анам 13 құрсақ көтерген. Соның біразы шетінеп, үш бала ғана өстік”, – деді әпкесі.

Сыныптастарының айтуынша, Жүрсін мырза мектеп кезінде-ақ мұғалімдермен тайталасып, өзінікін дәлелдеуге тырысатын. Жас мұғалім жігіттерден қыздарды қызғанатын. Қаладан ауылға барған қызға ғашық болғанымен, сезімін ашық білдіре алмапты. 



“Ол ұяң болды. Ол кезде қыздар да ұялшақпыз. Жүрсіннің сезімі болғанымен, білдіре алған жоқ. Тек қызғанышын білідіріп қоятын. Бір ауылдың адамдарымыз, бірге өстік, екеуміз де кет әрі емес едік. Бірақ ол кездің жастарында ұят деген бірінші болды”, – дейді алғашқы махаббаты, сыныптасы Ақшекен Жұмаділдәқызы.

“Ол кездер балалық қой. Мен қаладан келген қыздың жүрегін жаулай алмаған да шығармын. Өзі де айтып отыр ғой. Есейіп келе жатқанда, оқуға кеттік. Қалаға кеттім. Содан бәрі қалды”, – деп қысқа қайырды ақын аға.

Жүрсін Ерман 21 жасында бас редактор болып қызмет еткен. Ең бірінші болып Алматыдан 4 бөлмелі үй алған. Ол кезде үй алу деген көп адам үшін арман ғана. Жолдастарының алдында ең бірінші болып үйленіп, ең бірінші ата-ана атанған.

Жақын жолдастарының айтуынша, Жүрсін мырзаның бойында өзіне тән қырсықтық мінезі бар. Ол кейде өзіне кесірін тигізіп жатады. 

“Оқу орнында жақсы оқыды. Мәрзия деген апай бар еді. Шабандау, ересектеу студенттерді соңына алып қалды. Бәріне мәтін беріп, айналдыра оқытатын. Бір кезде ұзақтау ұстап қалып еді, Жүрсін: “Апай, маған бағаңызды қойып беріңізші” деді. Ол кісі бесіңді қойып беремін деді. Бір кезде: “Сыртта, әйелім, балам күтіп тұр еді, бағаңызды қойып беріңізші”, –  деді. Сонда мұғалім оның жауабын ұнатпай қалды. Бес қоймай қойды. “Екі қоям деп”, –  еді, Жүрсін: “Жақсы, екі қойып беріңіз”, – деп кітапшасын берді. Содан Жүрсін күзде де оралған жоқ. Сол кеткеннен сырттай оқуға ауысты. Дене шынықтыру сабағы кезінде ада көтерердей еңгезердей жігіт бар еді. Сонымен жарысып, ол көтерген зілтемірді Жүрсін де көтерді. Намысқа тырысты. Сонда белі кілт етіп қозғалып кетті. Содан денсаулығына зиян келді Сондықтан қазір отырып ойнайтын ойындарды жақсы көреді”, – деді Тұрсын Жұртбай. 

Жүрсін Ерман аңшылықпен де айналысады. Шахмат ойнайды. Бильярд ойнайды. Аптасына бір рет достарымен кездесіп, демалып қайтады. 

“Мен телевизияда, Айтыста жүріп шығармашылықтан қол үзіп қалдым. Қатарластарым озып кеткенде, мен қамшымен соңынан қудым. Өлең жазатын уақыт болмады. Кітапты кейін жаздым. Өкінішім сол ғана”, –дейді ақын.

Талқылау