Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Журналист: Тұрсынбектің Ұлттық арнаға әмірі жүргені соншалық, Есен Елеукенді Жайдарманымен бірге ығыстырып жатыр

Ұлттық арна бірнеше жылдан бері Тұрсынбек Қабатовтың концерттерімен эфир толтырып келеді. Бұған бірінші кезекте басшылықтың өзі мұқтаж. Сөйтіп, Тұрсекеңді құдайша күтіп, сұраған ақшасы мен қалаған эфир уақытын береді. Осылай деген отандық журналист Ербол Мәндібек ұлттық арнаның сапасыз бағдарламалары жайлы айтты. 

Ербол Мәндібек, әсіресе, телеарнадан түспейтін Тұрсынбектің әзілдерін сынға алды. 

"Баршаңызға мәлім, телеарналардың рейтинг дейтін әлсіз әрі үнемі бас қатыратын тұсы бар.

Оның үстіне ресейлік телеарналар нарықты тұншықтырып тұр. Яғни, солардың деңгейіндегі сапалы өнім жасауға қауқарсыз немесе құлықсыз.

Сөйтіп басшылықта отырған адамдар Тұрсынбек сияқты әзілі өткір, халыққа танымал адамдарды жағалайды. Амалсыз айтқанына жығылады. Тұрсынбектің Ұлттық арнаға әмірі жүргені соншалық, Есен Елеукенді Жайдарманымен бірге ығыстырып жатыр. Сөйтіп Ұлттық арнаның майлы бюджетіне иек артып отыр.



Қысқасы, Ұлттық арнаға рейтинг, Тұрсынбекке ақша керек. Тіпті, карантин уақытында Тұрсынбектің КТА бағдарламасын түсіруге мәжбүр болды.Ең қызығы, елдің бәріне маска тағыңдар деп зарлаған Ұлттық арна, маскасыз топырлап сахнаға шыққан Тұрсынбектің командаларына бір ауыз қарсы сөз айта алмады және сол күйі эфирден өткізді", - деп жазды желідегі парақшасында

Айтуынша, ұлттық арна рейтинг үшін арзан әзілге ұмтылады. Ал, сапа мәселесіне ешкімнің басы қатпайды. Тіпті, карантин уақытында КТА түсіруге мәжбүр болды деп айыптады. 

"Әзілге ақша аямай, сараптамалық өнімдерге келгенде не үшін сараңдық танытады? Себебі, сапасы сын көтермейді. Қазіргі жаңалықтарымен рейтинг жинай алмайтындарын өздері де сезіп отыр. Себебі Үкіметтен төпелеп түсетін тапсырмалар жаңалықтар мен қорытынды хабарлардың өңін өзгертіп жібереді. Биліктің айт дегенін орындамаса, басшылардың күні қараң. Жыл соңында рейтинг сұралады. Сол кезде саусақ тістеп қалмас үшін ойын-күлкіге құралған өнімдерге аяусыз ақша салады. Мұны кейбіреулер кәдімгі жем жейтін кормушка қылып отыруы мүмкін. Әйтпесе, жыл сайын эфирден түспейтін не қылған Тұрсынбек???",  деді Мәндібек.

Ербол мырза одан бөлек түрік пен үндінің сериалдарын сынға алды. Одан түскен ақшаға неге сапалы кино түсірмейміз деп қынжылады.

"Одан соң түрік пен үнді сериалдары. Миллиардтап ақша ала отырып өзіндік сериал түсіруге ерінеді немесе түрлі сылтау айтады. Есеп үшін бес сандырақ сериал түсіріп жердің астынан жеті қоян тапқандай жариялайды. Басқарма төрағасы, оның төрт орынбасары, қаптаған департамент директорлары, олардың орынды-орынсыз орынбасарлары, еншілес каналдардың директорлары, 18 аймақтық филиалдың директорлары отыр. Егер мақсатты жұмыс бір бағыт болса. Онда осыншама бастықтың не керегі бар?? Бұл да бөлек талқылайтын тақырып",  деді ербол Мәндібек.

Бұған дейін де экраннан түспейтін Тұрсынбек Қабатовты сынға алғандар табылған еді. 

Талқылау