Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір күн бұрын кезекке тұрып түнейді": Петропавлда көмірге кезек жарты шақырымға созылған

Солтүстіктегі қалалар көмірсіз қалды. Ең танымал "Шұбаркөл" көмірі үшін пайда болған кезек рекордтарды бұзды. Петропавлда жүк көліктер легі жарты шақырымға созылған. Жүргізушілер бір күн бұрын кезекке тұрып жатыр. Адамдар шенеуніктерден мәселеге араласуды сұрайды. Олар көмірді бермесе де, оған кезекке тұруды бақылауға алуды талап етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме беріп хабарлайды.

Якорь ауылының тұрғыны Ирина Акулова көмір сатып алу үшін бір ай күткен. Ол хабарландырулар бойынша қоңырау шалып, ұзын-сонар кезекке тұруға тура келді дейді.

“Кезекте 118-орында тұрдық, әйтеуір кезегіміз келді. Менің кішкентай балам бар. Қазірдің өзінде көп отынды қолданып қойдық.  Ауылда көмірге тапсырыс берген адамдар өте көп. Олар әлі кезекте тұр. Хабарласып, көмірге тапсырыс жасағанда екі айдан кейін дейді, көбі көмірсіз отыр”, – дейді ол.

“Шұбаркөл” көміріне Солтүстік Қазақстанның барлық аудандарынан келіп жатыр. Ұзын-сонар кезекке үлкен-кіші кәсіпорын жүргізушілері тұр. Көмірге қатысты қиындықтар бір айдан бері шешімін таппай келеді. Адамдар бұл проблеманы реттеуді сұрайды. 

“Аудандардан үлкен КамАЗ-дар келеді, әкімдік бір күнді белгілесе, КамАЗ-дар салып алып кетсе. Осындай дүрбелең болмайтын еді. Әйтпесе таңғы 6-да келдік, мынау жындыхана сияқты. Олар осында түнейді”, – дейді жүргізушінің бірі.

Шенеуніктер көмектесуге уәде беріп отыр. Тапшы болып отырған “Шұбаркөл” көмірі ертең жеткізіледі дейді. 

“Вагондар кідіріп қалған еді, бірақ бұл мәселе шешілуде, ол ҚТЖ-мен шешілді, енді вагондар жүреді, көмір болады. Ертең 10 вагон қойылса, дүйсенбіде 10 вагон Шұбаркөлге барады. Біз көмір жеткізушілерімен келіссөздер жүргіземіз, мүмкіндігінше халыққа көмектесеміз”, – дейді СҚО әкімдігінің ТКШ басқармасының бас маманы Айболат Әубәкіров.

Талқылау