Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүрегіне оқ тиді": Бауыржан Сатов үш жасында әкесінен қалай айырылғанын айтты

Бауыржан Сатов әкесінің қалай қаза болғанын айтып берді. Актер ол кезде үш жаста болғанын айтады. Сөзінше, ішімдік ішкен бұзақылар түн ішінде оның отбасының шырқын бұзып, әкесіне оқ атқан. Бұл туралы Сатов "Хабар" арнасының "Әке бақыты" бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Әжем 90-жылдары сатушы болды, арақ-шарап, үйде не бар, соны сататын. Бір күні түнде ішімдік ішкен жас жігіттер келіп, арақ сұрайды. Апам шықпайды, бермейді. "Бала-шаға кішкентай, ұйықтап жатыр, кетіңдер", дейді. Олар апамды балағаттайды. Оны естіген менің әкем құр отырсын ба? Атып шығады. Өзара сөйлеседі, кейін төбелес басталады.

Әкем бойшаң, денелі, батыр тұлғалы жігіт болған. Біраз уақыттан кейін олар қайта келеді. Сол жағдай намыстарына тиген. Аңға шығатын мылтықтары бар. Келгенде ит үре бастайды. Бірінші оқ итке кетеді. Соны естіген әкем қайтадан жүгіріп шығады. Оның артынша анам жүгіреді. Сол кезде екінші оқ әкемнің жүрегіне тиеді. Үйдегілердің бәрі оянады, қырғын, у-шу болады. Анамның айтуынша: "Аспанға қарап, бір демалып, құлаған", – дейді Сатов.

Бұл кезде Бауыржан үш жаста болса, інісі небәрі сегіз айлық. Қарбалас сәтте жедел-жәрдеммен бірге ауруханаға жүгірген үйдегілер екі баланы үйде ұмытып кетеді. –  Өзім бала болсам да, сол сәттер есімде қалды, деп ағынан жарылды актер. 

"Бір кезде дәрігерлер шығып: "Болды", – деп айтқан кезде анам жағдайды қабылдап, содан кейін барып қана екі баласы үйде қалып кеткені есіне түседі. Үйге қарай жүгірдім дейді. 



8 айлық бала жылайды ғой. Үш жасар мен інімді қолыма алып: "Мама қазір келеді, жылама", – деп тербетіп отыр екенмін. Ініммен қарым-қатынасымыз сол кезде басталды. Өзім де жылап отырмын", – дейді Бауыржан Сатов.

Асқар тауынан ерте айырылған Сатов оның қадірін жете түсінеді. Ол тірі болғанда, уақытымның көп бөлігін әкеммен өткізер едім деген өкініші де бар. 

"Нағыз ер азамат болу үшін не істеу керек деп сұрақ қоятын едім. Әкем бір жаққа барса, бірге еріп барар едім. Маған ер адамның көңілі, нұсқауы, тәрбиесі жетіспеген сияқты. Бала үшін толық отбасында өскен өте маңызды", –  дейді Бауыржан Сатов. 
 

Талқылау