Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүрегіне 4 рет пышақ сұққан": Алматыда жалғыз баласынан айырылған ана президенттен көмек сұрайды

Алматыда 8 наурызда 33 жастағы Қажымұрат Нұрбаев кісі қолынан қаза тапты. Оны үш жігіт тепкінің астына алып, артынша жүрек тұсына төрт рет пышақ сұққан. Жалғыз асыраушысынан айырылып қалған анасы істің әділ өтіп жатқанына күмәнданады. Өйткені қылмыстық іске күдікті ретінде тек бір адам ғана тергелуде. Қалған екеуі бостандықта. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматы қаласы Ақбұлақ ықшам ауданында күндізгі 14:30-дар шамасында екі жігіт бірігіп, Қажымұратты соққыға жыққан. Ал үшіншісі қалтасындағы пышақты төрт рет оның жүрек тұсына сұғып алған. Десек те, бұл жағдай оларды тоқтатпайды. Ұрып-жығып, жігіттің ес-түссіз жатқанын байқаған олар Қажымұратты сол жерге қалдырып кетеді. 

Бірнеше дене жарақатын алып, пышақталған Қажымұрат сол жерде қансырап жарты сағаттан астам уақыт жатқан. Оқиға болған жерде орналасқан сұлулық салоны қызметкерлері мұны байқап, бірден алғашқы көмек көрсетуге тырысып, жедел-жәрдем шақырып, 102-ге хабар берген. 

Бүгінгі таңда іс Алматы қаласы Алатау ауданды полиция бөлімінде 99-бап 1-бөлімі бойынша жүргізіулде. Яғни, өкінішке қарай, іс бойынша күдікті деп танылған тек бір адам.  Алайда мұнымен марқұм болған жігіттің анасы, туған-туыстары мүлдем келіспейді. Бір апта бойы күдіктінің тергеуден жасырынып, қашып жүргені былай тұрсын, одан басқа жауапты тұлғалардың жауапқа тартылмауы оларды қынжылтады.

“Менің баламды үш жігіт топ болып жабылып ұрып, қазаға ұшыратқан. Ал жанында тұрған үшіншісі ешқандай көмек көрсетпестен, солармен бірге "жүр қаштық" десе қашып кеткен. Балам 50 минут бойы жедел жәрдем келгенше қансырап жатып, сол жерде жан тапсырған. Күні бүгінге дейін ешқандай да тиісті тұлғалар жауапқа тартылмаған, тек біреуі ғана күдікті болып отыр, ал қалған екеуі бостандықта жүр. Екі жігіт бір-біріне көмектесіп, соққыға алып, балам пышақталған соң жерге құлағанда екіншісі оған қорғануға мүмкіндік бермей, жұдырық астына алып, тепкілеген. Жасарларын жасап алып, балама тым болмаса алғашқы көмекті де көрсетпеген. Бір ауылдас, достары болғанына қарамастан, осындай айуандық жасап, баламды өлтірген. Оқиға болған жерден видео жазба да бар, сол бейнежазбада төбелестің бәрі көрінеді. Жедел-жәрдемді сол жердегі куәгерлер, сұлулық салоны қызметкерлері шақырған. Бұл төбелесті бірнеше адам өз көзімен көрген. Алайда соған қарамастан, әлі күнге дейін тергеу тиісті қалған екі баланы жауапқа тартпаған, олар іс бойынша қазір куә дейді. Бұл не деген әділетсіздік. Мен жалғыз асыраушымнан айырылып, қайғы кешіп отырмын, ал бұлардың жасап отырғаны мынау менің қайғымды күлкі қылып”, – дейді марқұм Қажымұраттың анасы. 

Жәбірленушінің өкілі адвокат Альбина Бахтиярқызынан осы жөнінде жауап алдық. 

“Қазіргі таңда Алматы қаласы Алатау ауданы полиция бөлімінде Қажымұрат Нұрбаевтың өліміне қатысты қылмыстық іс тергелуде. Тергеу әрекеттері аяғына жетіп қалды. Алайда біз қылмыстың саралануымен келіспейміз, себебі бұл жай ғана кісі өлтіру емес, бұл топ болып адамдардың кісі өлтіруі. Ал үшінші тұлға сол жасалған аса ауыр қылмысты біле тұра тиісті органдарға хабарламай қашып кеткен. Бұл да қылмыстық жауаптылықты көздейді, сондықтан қазіргі таңда іс бойынша өтініш-хаттар жариялап, шағымдар жазып өткіздік. Солардың заңмен белгіленген мерзімде қаралуын күтіп отырмыз”, – дейді Альбина Бахтиярқызы.

Алматы қаласы Алатау аудандық полиция басқармасы марқұмның өліміне қатысты іс бүгін сотқа жіберілгенін айтады. 

“Осы оқиғаға байланысты Алатау аудандық полиция басқармасында ҚР қылмыстық кодексінің 99-бап 1-бөлімімен 8 наурызда іс тіркелді. 15 наурыз күні күдікті ретінде А. есімді азамат ұсталып, абақтыға қамалды. Бұл қылмыстық іс бойынша керекті сараптамалар тағайындалып, сот сараптамасынан қортындылары алынып, қылмыстық іске тіркелді. 2021 жылы  21 маусымда Алатау аудандық прокуратурасына қылмыстық іс жолданды”, – дейді Алатау аудандық полиция басқармасы. 

Марқұмның анасы Арысхан Үкібаеваның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевақа видео-үндеу жариялады:  

 

Талқылау