Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жіппен байлап, жертөледе ұстаған": СҚО-да ауыл тұрғындары көршісінің кесірінен далаға шыға алмай отыр

Еліміздің солтүстігіндегі Бәйтерек ауылының тұрғындары 10 жылдан бері қорқынышта өмір сүріп келеді. Психикалық дертке шалдыққан ауылдастарынан қорқатын тұрғындар не істерлерін білмей дал болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.

Олардың айтуынша, ер адам әйелдерге шабуыл жасайды. Тіпті біреуін байлап, бірнеше күн жертөледе сақтаған. Оған қоса, балаға зорлық-зомбылық көрсеткен. Тапа-тал түсте ауыл тұрғыны баланы тұншықтырып өлтіре жаздапты.

Рита Лозина немересінен айырылып қала жаздаған. Үйдің жанында тоғыз жасар бала ойнап жүрген. Ақыл-есі кем ер адам балаға шабуыл жасап, оны байлап тастаған.

“Тоқылған арқанды лақтырып, дәл осы жердегі ағашқа сүйреп апарды. Бала тіпті айқайлай алмай қалды. Ол баланы ағашқа байлап, "Мен ораламын!" деп айқай салып, кетіп қалды”, – дейді Рита Лозина.

Тұтқын әйнек сынығымен арқанды кесіп, сыртқа шығып үлгерген. Әжесі дереу дәрігер мен учаскелік полиция қызметкерін шақырған. Оқиға орнына РОВД жедел тобы да жетті. Тергеу барысында қылмыскер психиатриялық емханаға жіберілді. Бірақ бұл әңгімеден кейін ауыл тұрғындары балалардың далаға шығуына тыйым салады.

“Баламыз үшін қорқамыз. Оның орнында кез келген бала болуы мүмкін еді. Біз көмек сұраймыз, өйткені бұл –  сұмдық жағдай”, – дейді тұрғындардың бірі Светлана Тербах. 

Ер адам осыған дейін болған жағдайдан кейін психиатриялық ауруханада екі жыл емделген. Алайда ол қорқынышты әрекеттерін тоқтатпаған. Бір жыл бұрын ауылда бір әйел із-түссіз жоғалып кеткен. Марина Коровинаның анасы ер адамның жертөлесінен табылған.

“Анам дүкенге бара жатқанда, ұрып, екі күн бойы жертөлесінде байлаулы ұстаған. Арыз жаздық, бірақ ол анамды арызын алмаса, балтамен өлтіретінін айтып қорытқан”, – дейді Марина Коровина.

Қазір ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды

“Осы іс аясында тиісті сараптама жүргізіледі. Ағымдағы жылдың 28 маусымында азамат Әбішев облыстық психоневрологиялық диспансерге емделуге орналастырылды, қазір емделуде. Бұл ретте оның одан әрі емделу  мәселесін уәкілетті органдар, атап айтқанда, әлеуметтік жұмыспен қамту бөлімі және аудандық аурухана шешеді”, – дейді прокурордың орынбасары Рустам Насиров.

Бәрінен де ауыл тұрғындары бір-екі айдан кейін қылмыскер қайтып келіп, ауылды үрей билей ме деп қорқады.

Талқылау