Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жылап отырмын": Ерке Есмахан марқұм әкесіне жүрекжарды жазба арнады

Осыдан бір ай бұрын Ерке Есмаханның әкесі мәңгілік мекеніне аттанған еді. Аталған уақыттан бері әлеуметтік желідегі белсенділігін жоғалтқан әнші, күні кеше асқар тауына арнап инстаграм парақшасына жантебірентерлік жазба жүктеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.  

Ерке

"Әлі де сене алмаймын. Әкем қасымда мәңгі жүретіндей болатын! Міне, енді әкемнің кеткеніне бүгін тура 1 ай болды! Қазір әкемді түсімде көргенде қуанып қаламын, оянсам таба алмаймын. Алланың ісіне көнемін, сабыр, басқа амалым жоқ. Әкем мені мұрнымнан сүйіп, "Еркетайдан айналайын" деп еркелететін. Кішкентайымда күнде ұйықтар алдында ертегі айтатын. Мен ауылда бастауыш мектепті бітіргенше папам мен мамамның ортасына жатып келдім. Сағындым әкемді", - дейді Ерке. 

Ерке бұл постында әкесі жайлы бұрын-соңды ақтарылмаған сырларын әрі отбасында қалыптасқан қағидаларын да айтты.   

"Кішкентайымнан естіген астан соң қайтаратын батасын сағындым! Ол батаны үй-ішімізбен жаттап алғанбыз. Батасын бермей, ешқайсымызды дастарханнан тұрғызбайтын. Дастархан басында қалжың қосып басынан өткен оқиғаларын "мен әке-шешесіз өстім, сен болмасаң, мен осындай үлкен әулет болар ма едім?!" - деп анама рахметін айтып отыратын. Мен "тууу, папа" деп бірдемесіне келіспей қалсам: "менде сенің әкеңдей білгіш әке болған жоқ қой" деп қалжыңдап күлетін! Ақылды менің әкешім! Әкешімді мақтап та, мақтанып та айтатын әңгімем өте көп! Әкемнің ақ шаштарын сағындым! Жаным, әкетайым-ау, осы естелікті жылап әрең жазып отырмын!" - дейді әнші. 

Әбдіраш Есмахан facebook парақшасында белсенді болған. Ол аталған желіде тарихи-толғамдары мен ру-шежірелік және әзіл аралас жазбаларын салып отыратын. Еркенің ата-анасы жарты ғасырдан астам бір шаңырақ астында ғұмыр кешіпті. Осы уақыт аралығында бірнеше немере мен шөбере сүйген екен. Әншінің ендігі арманы – анасының амандығы!



"Құдайға шүкір, әкем анаммен 53 жыл отасты, үбірлі-шүбірлі болды, қартайғанша қызмет жасады, қазақ тілінің нағыз жанашыры! Шүкір, бақытты ғұмыр кешті! Шежіре жазып, ата-бабасымен мақтанып отыратын! Тілегі бала шағасының, жан жарының алдында кету еді, міне 82 жасында өзі жоспарлағандай кетті де қалды. Жоспарсыз жүрмейтін.
Қызының тілегі қабыл болады деген сөз бар екен, Алладан сұрарым - әкемді жәннәттің төріне шығарып, мәңгілік өмірде жұмақтық етіңіз! Әумин! Өмір сынаптай ағып өтеді екен. Осы кезге дейін ертегі әлемінде жүріппін, бала болыппын! Енді шынымен есейдім! Бірақ, анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды! Алладан сұрарым - анама маматайыма күш-қуат пен ұзақ өмір. Жүз жасаңыз, анашым! Әкем әркез айтатындай, сіз Алла бұйыртып, әлі Муслимнің баласының бесігін тербетесіз! Әумин!
Бауырларым аман болсын! Жалынамын!" - дейді Ерке Есмахан. 

Сондай-ақ, өнер иесі жүрекжарды жазбасында аты жаман індеттен көз жұмған тұрғындарға көңіл айтып, Қазақстан халқына алғысын жеткізді.
"Індетпен күресіп жатқан барлық отандастарыма денсаулық тілеймін!
Бейбіт күн орнасын! Көңіл білдірген баршаңызға рахмет айтамын!
Мені әкемдей еркелететін қазақ халқына Алла жар болсын! Мен сіздерді жақсы көремін! Әбдірашқызы Ерке!" - деп түйіндеді танымал әнші. 

Айта кетейік, Ерке Есмаханның әкесі осы жылдың 20 маусым күні екі жақты пневмониядан ауруханада көз жұмған еді. 

Талқылау