Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетімдер үйінің түлегі үйленіп, отбасылы болуды армандайды: Мұхтар Нұрқанов 10 жылдан бері мемлекет уәде еткен баспанаға қол жеткізе алмай келеді

Қостанай қаласының жетім балаларға арналған №2 мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Мұқтар Нұрқанов отбасылы, балалы-шағалы болуды армандайды. Алайда өкіметтен тиесілі баспананың кілтін алу мүмкін болмай тұр. Stan.kz тілшісі жігітпен байланысып, мән-жайды білді. 

1988 жылы туылған Мұқтар Нұрқанов сегіз жылын аталған интернатта өткізген. Одан кейін жетім балаларға арналған облыстық Жастар үйіне ауысқан. Ол жерде ұстаның мамандығын алған. Мұқтар алты жасында болғанда әкесі жол апатына түсіп, жетім қалған. Ішімдікке салынған анасын жауапты органдар ата-анасынан айырған. Ал төрт әпкесі мен өзін балалар үйіне жіберген. 

"Барлық саналы ғұмырымда жұмыс істеп, еңбектеніп келемін. 2008 жылы жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, олар мені Орталық саябаққа жұмысшы ретінде орналастырды. Қазір жол жөндеу ұйымында жұмыс істеймін. Менің үлкен арманым бар - ол баспаналы болу. Қазір жалдамалы пәтерлерде тұрамын, үй иесінің қашан қуып шығатынын немесе пәтерақысын көбейтетінін білмеймін. Аз ғана нәпақамды барлығына жеткізуге тырысамын. 65 мыңның 20 мыңын - жатын орныма, 20 мыңын - тамағыма, 25 мыңын жүріс-тұрысыма, киіміме, жолыма жұмсаймын. Өмірдегі ең басты нәрсе -  баспана, мен жетім ретінде баспана кезегінде тұрдым, бірақ 2011 жылдан бері мені жалпы кезекке ауыстырды. Ол кезде кезекте 3169-ншы едім. 2014 жылы қайтадан жетім балаларға арналған бөлек кезекке ауыстырылдым. Баспана кезегінде тұрғаныма 11 жыл өтті. Бірақ әлі 344-ншы орындамын. Баспана бағдарламасын жүзеге асыру қарқынымен мен алдағы он жылда да баспаналы болмайтын сияқтымын. Жасым болса 32-ге келді, үйленіп, балалы-шағалы болатын шақтамын, бірақ баспанасыз мұны қалай жүзеге асырамын?", - деген жетімдер үйінің түлегі қала әкімінен барлық заңды жолдармен үйлі болуға көмектесуді сұрапты. 

2018 жылы сол кездегі қала әкімі Базыл Жақыповтың жеке қабылдауында болған Мұхтар Нұрқанов жуырда баспаналы болады деген уәдесін де алған. Бірақ уәде тек уәде күйінде қалып қойды. Әкімдіктен жігіттің жағдайын жақсы түсінетіндерін, бірақ кезекті бұзып, ертерек үй кілтін тапсыра алмайтындарын хабарлаған хат келген. 

Талқылау