Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Жер аруы – 2025” байқауының жеңімпазы анықталды

Жер аруы 2025Фото: https://www.instagram.com/nataliepuskin?

21 жастағы чехиялық қыз Наталья Пушкинова Филиппенде өткен “Жер аруы – 2025” байқауының жеңімпазы атанды. Ол – 2012 жылдан бері бұл атақты иеленген алғашқы славян елінің өкілі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі байқаудық Facebook-парақшасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Финалға Чили, Бразилия, Украина және Филиппиннің өкілдері шықты. Нәтижесінде бас жүлдені Натали Пушкинова жеңіп алды. Оған жеңіс тәжін былтырғы жеңімпаз, аустралиялық 22 жастағы Джессика Лейн табыстады.

“Чехия өкілі Наталья Пушкинова сәрсенбіде Манилада өткен “Miss Earth 2025” байқауында басты тәжді жеңіп алды”, — деп хабарлады байқауды тікелей эфирде көрсеткен жергілікті ABS-CBN телеарнасы.

Filipino Times мәліметінше, Чехия өкілі Натали Пушкинова финалда ерекше әсер қалдырған. Сұрақ-жауап кезеңінде ол күтпеген жерден филиппиндердің мемлекеттік тілдерінің бірі — тагалог тілінде сөйлеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Сондай-ақ финал барысында Наталиге Билл Гейтстің климаттың өзгеруіне қарсы күреске бөлінетін қаражатты аурулар мен аштықтың алдын алуға бағыттау туралы ұсынысына қатысты сұрақ қойылды.

“Мен мұнда экологиялық немесе әлеуметтік мәселелердің қайсысы маңыздыраө екенін таңдауға келген жоқпын. Бүкіл әлем климаттың өзгеріп жатқанына куә және бұл мәселемен бірге күресуіміз керек”, – деді Наталья жергілікті тілде. 

Байқауға барлығы 82 қыз қатысып, өзара сұлулықтан бөлек, интеллектуалдық тапсырмаларды шешу қабілетімен, жобалар дайындауымен және әлемдік экологияны жақсартуға арналған бастамаларымен сынға түсті.

Екінші орынды, яғни “Ауа аруы” атағын Исландия өкілі Солдис Вала Иварсдоттир иеленді.

Үшінші орын – “Су аруы” атағы вьетнамдық қатысушы Чинь Ми Аньға, ал “От аруы” таиландтық Вари Нгамкхамға бұйырды.

"Жер аруы" байқауы жыл сайын БҰҰ бастамасымен Филиппин елінде өткізіледі. Оған әлемнің ең сұлу қыздары қатысады. Басты идеясы – қоршаған ортаны қорғауға назар аудару. 

Айта кетейік, былтыр аталған байқауға Қазақстанның атынан 21 жастағы Алматы қаласының тұрғыны Алтынай Әсенова қатысқан еді. Ол – Қазақ-британ техникалық университетінің студенті, 2017 жылы Мәскеуде өткен Miss World Beauty байқауында "Супермодель" номинациясын иеленген.

Еске салайық, бұған дейін Miss Universe 2025 байқауында Қазақстан намысын кім қорғайтыны белгілі болғаны хабарланған болатын. 

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 06 Қараша, 2025 15:26
Талқылау