"Жедел жәрдемде жұмыс істейтініме қатты таңғалады" - қазақ тілінде құйқылжытып ән орындайтын орыс қызы

Әлеуметтік желілерде қазақ тілінде құйқылжытып ән салған фельдшер Ульяна Кислицынаның видеосы таралып, барша қазақ елін тамсандырған еді. Ульяна - Теміртау қаласының Жедел медициналық жәрдемінің қызметкері. Stan.kz қазақ мәдениетіне, әніне ғашық орыс қызымен байланысып, азын-аулақ сұрағын қойған еді. 

Ульяна қазақ тілін мектепте оқығанын және әу бастан қатты ұнатқанын айтады. Бірақ әзірге жетік білмейді екен. Тек ауызекі тілді сөйлейді.

"Мен қазақ тілінде ән орындаймын, өлең оқимын. Өзіме қатты ұнайды. Бірақ мен жетік деңгейде меңгеруді жоспарлап жүрмін", - дейді медицина қызметкері.

Ульяна өнерге деген қызығушылығы бала кезінен басталғанын айтады.

"Бала кезімнен көптің алдына шығып, ән салғанды жақсы көретінмін. Ата-анамды, жақындарымды қуантқан ұнайтын. Мен Қаражал атты шағын қалада дүниеге келдім, содан болар қазақ әндеріне сүйсініп өстім. Бізде бірге ойнаған қазақ балалары көп болды. Бірге ойнап қана қоймай, ән салатынбыз", - деп Ульяна қазақ әндерімен табыстырған балалық шағын еске алады. 

Ол әзірге санаулы ғана қазақ әндерін орындай алатынын айтады, бірақ алдағы уақытта бұл өнерін шыңдай түспек. 

Ульяна барлық жақындары, таныстары қазақ тілінде ән шырқағанын жылы қабылдайтынын айтады. Ал бейтаныс кісілер таңданыстарын жасырмайды екен.

"Бәріне қатты ұнайды және жедел медициналық жәрдемде жұмыс істейтініме қатты таңғалады. Сахнаға бар дейді. Бірақ әркімнің өз жолы бар деп есептеймін. Маған екі ісім де қатты ұнайды", - дейді кәсібіне ғашық жан.

Ульяна әншілікпен кәсіби айналысып, үйренбеген екен. Ата-анасы мен жақындарының бойында да ондай таланттың болмағанын айтады. Бірақ анасы да ән салғанды жақсы көреді. 

Ульяна қазіргі пандемия уақытына байланысты қызметінде өзіне және әріптестеріне түсіп жатқан салмақтың орасан екенін айтады. Соған қарамастан осынау қиын кәсіпті таңдағанына өкінбейді екен. 

"Барынша тырысудамыз, бір-бірімізді, әріптестерімізді, жақындарымызды қолдап, халыққа қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіруге тырысамыз. Жұмысымды қатты жақсы көремін. Адамдарға көмектескенді ұнатамын. Жеңілдеп қалғанда жүздерінде пайда болған күлкі бізге де күш-қуат сыйлайды. Үлкен кісінің қолын ұстап, қолдау көрсетуің, бүлдіршіндердің күлімдегені біз үшін қымбат. Қиындықтар әрине көп, бұл оңай кәсіп емес. Кейде қысылтаяң жағдайларға тап боласың, ондайда тез ойлап, жылдам шешім қабылдау керек. Қиындық көп болғанымен, бәрін орындауға болады. Мүмкін емес ешнәрсе жоқ", - дейді сегіз қырлы, бір сырлы Ульяна. 

 


Тіл туралы 7 өлең

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр