Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Теледидарды тығылып жүріп көреміз": Алматылық әйел жат ағымға кірген күйеуінен көрген қорлығы туралы айтты

Алматылық Айнель есімді келіншек жат ағымның жетегіндегі жігітке тұрмысқа шыққан. Ауқатты отбасынан шыққан қыз ата-анасының қарсылығына қарамастан, жат ағымның жетегіндегі жігіттің жары болуға келісімін береді. Бүгінде екі бала өсіріп отырған Айнель толықтай оранып, намазға жығылған. Өз оқиғасы өзге бойжеткендерге сабақ болсын деген кейіпкеріміз сол кезде анасын тыңдамағанына өкінетінін жеткізді. 

әйел

Stan.kz тілшісімен телефон арқылы тілдескен Айнель өзі үшін емес, қызының болашағы үшін түн ұйқысы төрт бөлініп жүргенін айтып, көз жасын тыя алмады. 

«Оқиғамды сонау басынан бастасам. Осыдан 10 жыл бұрын Алматыдағы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің заң факультетіне оқуға түскен едім. Мектепті де, универді де қызылға бітірдім. Оқуымды аяқтай салысымен Алматыдағы құрылыс компанияларының біріне заңгер болып орналастым, айлығым да өте жақсы болды. Әкемнің шағын бизнесі бар, анамның барахолкада бутигі болған. Демалыс күндері анама көмектесуге саудаға шығып тұратынмын.

Сондай күннің бірінде Мұратпен таныстық. Ол барахаолкада анама көрші бутикте аяқ киім сататын. Өзі Шымкенттің тумасы. Бәрі сол таныстықтан басталды. Басында жәй ғана дос болып, араласып жүрген едік, кейіннен мен оған ғашық болып қалдым. Күйеуім өте сымбатты, қасы-көзі қап-қара, бойы ұзын жігіт. Ашығын айтсам, мен оның сыртқы келбетіне қызыққан сияқтымын. Себебі Мұраттың жоғары білімі жоқ, отбасылық жағдайы да нашар еді. Бірақ сол кездің өзінде ол бес уақыт намазға жығылып, аузынан Алласын тастамайтын», - дейді ол.

Айтуынша анасы Мұратпен араласуына қарсылық танытып, оның Айнельдің теңі емес екенін айтқан. 

«Анам Мұратпен араласуыма о бастан қарсы болды. Бірақ жас кез, махаббат адамға не істетпейді. Мен ешкімнің сөзіне құлақ аспастан, бір жылдан кейін Мұратқа тұрмысқа шықтым. Неде болса бәрін сүйгеніммен бірге көремін деген жастық максимализм болды. Оның үстіне Мұраттың мінезі де жуас болатын. Артық сөз айтпайтын, қазір де оның мінезі жаман емес. Бірақ отау құрғалы ол менің туыстарымның үйіне де, той, туған күн сияқты қуаныштарына да барған емес. Өз жұртының да қуаныштарына бармайды. Олардың арақ ішетінін ұнатпайды. Тұрмысқа шықты деген аты болмаса, әлі күнге дейін жарымның қолынан ұстап, тойға бармадым.

Туыстарымның қуанышында күйеуі жоқ әйел сияқты жалғыз жүремін. Үйленген соң бір жылдан кейін ол менің орамал тағуым керек екенін айтты. «Алланың разылығы, күйеуімнің разылығында» екенін жақсылап түсіндірді. Мен оның айтқанын тыңдап, ұзын киіп, орамал тақтым. Бірақ өзімнің туыстарыма барған кезде орамалымды шешіп тастаймын. Үйге келерде ғана орамалымды орап, бояғымның бәрін өшіремін. Шынын айтсам, жасырынып жүруден шаршағандаймын. Менің оранғаным аздай, Мұрат енді ғана 7 жасқа толған қызымызға да орамал тақтырып қойды. Қызым екеуміз әкесі жоқ кезде тығылып теледидардан концерт, түрлі фильм қараймыз. Ол келсе бәрін өшіре қоямыз. Ол қазірден бастап қызымның құлағына 18 жасқа тола салысымен, тұрмысқа шығатынын айтады.

Қызымыз қуыршақтармен де ойнамайды. Оның бала екенін, әлі дін жолын ұстануға дайын емес екенін айтып шаршадым. Қызымның балалығын ұрлап жатқаныма жүрегім ауырады. Қазірдің өзінде Мұрат «ахи» достарының балаларының біріне қызымызды «жар етіп беремін» дейді. Өзім ғой бұл өмірге көндіктім, бірақ қызым үшін қорқамын», - деп ағынан жарылды Айнель. 

Күйеуіне деген махаббаты күн сайын өшіп бара жатқанын айтқан кейіпкеріміз қаракөз сіңілілерін өз қателігін қайталамауға шақырды. 

«Мен ғашық болған Мұраттың қазір сымбаты да қалмағандай. Ұзын сақалын кейде ол ұйықтап жатқанда қиып тастағым келеді. Қысқа балағын да, намазхан достарын да қабылдай алмай қойдым. Амалдың жоқтығынан араласып жүрмін.  Қазір қолымнан келер ештеңе жоқ. Екі баламды тірі жетім ете алмаймын. Бәрін өзім біле тұра жасадым. Тек қаракөз сіңілілеріме айтатыным, мен сияқты адаспаңыздар! Жас кезіңде күйеуіңмен қол ұстасып қыдыра алмасаң, шаттанып жүре алмасаң, өмірдің мәні де жоғалады екен. Негізі ата-ананың жүрегі алдамайды ғой, тек уақытында сол кісілердің айтқанына құлақ аспаймыз.

Жігіттің иманынан бөлек, біліміне, ортасына қараңыздар қыздар. Менің анам «Ол оқымаған, сенің теңің емес» деген кезде, бастысы иманы бар деген едім. Бірақ мынау өмірде діннен басқа да дүниелер бар ғой. Қазір бұрынғы студенттік күндерімді, сол кездегі ортамды сағынамын. Тұрмысқа шыққалы группаластарыммен де байланысым үзілді. Мұраттың достары да, олардың әйелдері де намазхан. Кездессек айтатынымыз тек діни әңгіме. Кей кездері ешкімге көрсетпей өксіп-өксіп аламын. Туған-туыстың алдында сыртым күліп жүргеніммен, ішім жылап тұрады. Бауырларымды да айт, ораза сияқты діни мерекелерде ғана үйге шақырамыз. Қайсыбірін айтайын. Менің мына жүрісімді көрген ата-анамның да жүректері тілім-тілім болып бітті. Әркімнің өз қайғысы ішінде болып жүрміз. «Тең теңімен, тезек қабымен» дегенді бекер айтпаған екен. Бәлкім, қызымыз бойжеткенше Мұрат тура жолға түсіп, есін жиятын болар деген бір үмітім әлі де сөнбеді», - деп аяқтады Айнель әңгімесін. 

Естеріңізге сала кетсек, осы күнге дейін оралдық әйелдің жасөспірімді ер азаматтардың шатырда тұрып зорлағаны туралы айтып бергенін хабарлаған едік. 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр