Жапонияда бокс кешінен кейін 2 спортшы көз жұмды, тағы біреуі ауруханада жатыр
Фото: Sports.kz
Жапонияда өткен бокс кешінен кейін жекпе-жек кезінде ауыр бас жарақатын алған екі спортшы көз жұмды. Тағы бір боксшы қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sports.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған бокс кеші 2 тамыз күні өткен. Оған Сигетоси Котари мен Хиромаса Уракава да қатысқан.
Басылым мәліметінше, Котари 12 раундтық жекпе-жекте Ямато Хатамен күш сынасты. Жекпе-жектен кейін ол ауруханаға жеткізілген. Бірнеше күн комада жатып, 8 тамызда миына ота жасалғаннан кейін дәрігерлер оның қайтыс болғанын хабарлады.
Хиромаса Уракава Едзи Саитомен жекпе-жекке шыққан. Сегізінші раундта нокаутпен жеңілгеннен кейін ол да ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 9 тамызда спортшы көз жұмды.
Сонымен қатар жапон басылымдарының хабарлауынша, Ямато Хата да ауруханада ауыр халде жатыр.
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) спортшылардың қазасына байланысты көңіл айтты.
"Бұл өте ауыр кезеңде олардың отбасыларына, достарына және бүкіл жапондық бокс қауымдастығына шын жүректен шыққан көңілімізді жолдаймыз", – деп мәлімдеді ұйым.
Шотландиялық хоккейші Ибицада қайғылы жағдайдан қаза тапты
Еске салайық, бұған дейін Қырғызстанда 21 жастағы қазақстандық боксшы көз жұмғанын жаздық. Оқиға орнына жақын маңда 22 жасқа дейінгі қазақстандық боксшылардың оқу-жаттығу жиыны өтіп жатқан. Осыған байланысты оқиғаның ресми жиынмен байланысы бар ма деген сұрақ туындаған. Шымкент спорт басқармасы Ибрагим Ирисматовтың Шымкенттегі Кәсіби бокс клубының тәрбиеленушісі болғанын растады. Алайда оның ұлттық құраманың Ыстықкөлдегі ресми жаттығу жиынына еш қатысы болмағанын мәлімдеді.

Қай өңірлер қыста жылусыз қалуы мүмкін: Қазақстанда 10 ЖЭО әлі де "қызыл" аймақта
