Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Емге деп ақша жинап, қаржыны бәс тігуге және үй алуға жұмсаған: 660 мың қазақстандық жалған көмек сұраушыларға ақша аударған

Қаржылық мониторинг агенттігі күмәнді мақсаттарға ақша жинауға 138 банктік карта (краудфандингке) тартылғанын мәлімдеді. Ал жалған көмек сұраушыларға 660 мыңнан астам қазақстандық ақша жолдаған екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото:  МТРК "Мир"

Мұндай деректер қаржылық мониторинг агенттігі алаңында Дмитрий Малаховтың төрағалығымен өткен Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) алдын алу және терроризмді қаржыландыру мен жаппай қырып-жою қаруын тарату мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің кезекті отырысында жария етілді. 

“Жалпы жиналған қаржы сомасы – 6 миллиард теңге, оның 33%-нің (2 миллиард) алаяқтық белгілері бар. Әлеуметтік желілерде халықтан қаражат жинап, оны одан әрі мақсатсыз пайдалану фактілері анықталды”, – деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.

Қаржылық мониторинг агенттігі басшысы Д.Малахов жосықсыз азаматтар "ем" және "жағдайы төмен адамдарға көмек көрсету" үшін қайырымдылық және көмек көрсету мақсатында қаражат жинауды кедергісіз және бақылаусыз жүзеге асыратынын атап өтті. Қаскөйлер ақшаны жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алуға, тұрмыстық шығындарға, букмекерлік кеңселерде бәс тігуге және шетелдегі қымбат пәтерлерді жалға алуға жұмсайды. Жанашыр азаматтардың жақсы ниеті, жалған мұқтаждар үшін оңай табысқа айналуы мүмкін.

Отырысқа қатысқан “Астана” халықаралық қаржы орталығы, қаржы реттеушілері және екінші деңгейлі банк өкілдері краудфандинг қызметін реттеу бойынша заңнамалық шараларды әзірлеу қажетін атап өтті.

Бұған дейін БАӘ-де аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген Kazakhstan Kagazy компаниясының бұрынғы бас директоры Мақсат Әріп ұсталғанын хабарладық. 

Талқылау