Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жағалауда ұлы мен қызы жылап тұрған": БҚО-да жасөспірім тұншығып қалған ер адамды судан шығарып, аман алып қалды

Шағанда 15 жастағы жасөспірім екі баланың әкесін судан шығарып, өмірін сақтап қалды. Суға тұншығып қалған ер адам тыныс алмай, өзен ортасында жатқан. Оны көрген жасөспірім ер адамды арқасына салып алып, жағаға алып шыққан. Кейін алғашқы көмек көрсетіп, оны қайта тірілткен. Ал жағалауда ер адамның қызы мен ұлы оқиғаға куә болып, жылап тұрған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Уральская неделя" басылымына сілтеме жасап. 

Данил әр демалыс сайын достарымен бірге өзенде шомылады. Сол күні достарының бірі өзен ортасында қимылсыз жатқан ер адамды көріп, Данилге хабар берген. Жасөспірім ер адамның жанына жүзіп барып, оны жағаға дейін алып шыққан. 

"Көп ойланбастан, кеудесімен арқама жатқыздым. Оның мойны иығымда тұрғанын қадағаладым. Осылайша жағаға дейін жүзіп барып, ол кісіні жатқызып, қолдан дем алдырайын дегенімде, оның аузы мен мұрнынан су ағып, тыныс ала бастады", – дейді Данил. 

Ер адамның сіңірі тартылып қалғандықтан, Данил достарымен бірге оның аяқ-қолын уқалағанын еске алды. Ал сол маңда болған бейтаныс қыз жедел жәрдем қызметін көмекке шақырған. 

"Олар тез келді. Тек сол сәтте жанымызда екі баланың жылап тұрғанын байқадым. Ұл үлкендеу, ал қыз тым кішкентай. Олар жылап, әкелерін шақырып жатты", – дейді Данил Ягузов. 

Қайрат есімді ер адам өзенге екі баласымен бірге шомылуға келген болып шықты. Екі жасар қызы мен алты жасар ұлы әкелерінің өзеннен шықпағанын байқаған соң, оны шақыра бастаған. 



"Бірақ балалардың әкесі оларды естімеді. Сонда ұлы өздерінің көлігін оталдырмақ болыпты. Одан соң, көлік өзенге қарай сырғып, батып кетті. Абырой болғанда, баланың өзі көлікке отырмаған. Әйтпегенде ол да батып кетер еді", - дейді Данил. 

Ал жедел жәрдем Қайратты алып кеткен соң, Данил мен оның достары балаларға қарайлап, олардың анасын күткен. Ал құтқару қызметі суға батып кеткен көлікті тез арада шығарып берген. 

Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1977 жылы туған ер адам ауруханаға түскенде оған "аспирациялық синдром" диагнозы қойылған. 

Данилдің сөзінше, достары оның ересек адамды жағаға алып шыққанына қатты таңырқаған. 

"Суда ештеңе ойламадым. Қайраттың қайта тыныс ала бастағанын көргенде өмір сүретін болды деп қуанып кеттім. 

Ал достарым ол кісіні шығарып алғаныма қатты таңырқады. Өйткені барлығы қорқып тұрды. Бәрі біткен соң “Бұл адамды құтқара алмай қалсам не болар еді? Досым оны байқамаса не болар еді?” деген түрлі ойлар келді", – дейді Данил. 

Данилдің өзі көп балалы отбасынан шыққан. Өзі үйдегі бес ұлдың үлкені. Әкесі өзге қалада вахталық тәртіппен жұмыс істесе, анасы үй шаруасында. Ал Данилдің өзі болашақта аспаз болуды армандайды. Колледжге түссем деген ниеті бар. 

"Болған оқиға жайлы анаң біле ме?" деген сауалға жігіт: 

"Иә, біледі. Анама не болғанын айтып бергенде ол: "Ұлым, жарайсың. Мен сені мақтан тұтамын" деді", – дейді жасөспірім.

Талқылау