Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зайсан көшелерін еріген қар суы басып қалды

Зайсанда күн күрт жылып кеткендіктен қар еріп, таудан еріген қар суы ағып, елді мекендердегі кей көшелерді су басып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ШҚО төтенше жағдайлар департаменті видеосынан скриншот

Зайсан ауданы әкімдігінің ақпараты бойынша, билік өкілдері жағдайды бақылауда ұстау үшін бар күшін жұмсап жатыр. 

"Аудандық әкімдік, төтенше жағдайлар бөлімі, Sauyr Construct ЖШС, "СК "Зайсан" ЖШС, шекара басқармасы мен Зайсан әкімдігінің қызметкерлері тартылды. Үйлерді су басып қалу қаупінің алдын алуға тырысып жатыр. Жалпы жұмысқа 80 адам мен 10 техниканың күші жұмылдырылды. Қазір жағдай тұрақты, ең қажет нысандар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Аудандық, облыстық және республикалық маңызы бас тас жолдар барлық бағыт бойынша ашық. Жылу, су және электр энергиясымен жабдықтау апаты тіркелген жоқ. Табиғи-техногенді сипаттағы төтенше жағдай туралы ақпарат түскен жоқ”, – деп хабарлады Зайсан ауданының баспасөз қызметі. 

 

Бұған дейін Атырау облысында еріген қар суы бірнеше ауылды басып қалған еді. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, 8 ақпан күні Мұғалжар тауының етегіндегі өзенде су деңгейінің күрт көтерілуі байқалған. Салдарынан еріген су Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылының көшелерін басып қалды.

Сонымен қатар Риддерде Хайрузовка өзенінің арнасында қардың еруіне байланысты су деңгейі көтеріліп, салдарынан Киров көшесі, Өскемен және Хариузовский жолақтары бойында жеке сектордың төрт аулалық аумағын су басты.

 

Талқылау