Қазақстанда ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы петицияны ішінара мақұлдау туралы шешім қабылданды
1 тамызда "Қазақстанда ЛГБТ-ны ашық және жасырын түрде насихаттауға қарсымыз!" петициясы бойынша шешім жобасына жария талқылау өтті. Отырысқа Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Әділет министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Парламент депутаттары, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Талқылауда мемлекеттік органдардың, өтініш берушілердің, сарапшылардың және мүдделі тараптардың ұстанымдары айтылған жұмыс тобының алдыңғы екі отырыс нәтижесі талқыланды.
Қатысушылар петицияны қарау барысында ұлттық және халықаралық нормативтік құқықтық актілерге талдау жүргізді. Сондай-ақ жетекші сарапшылармен консультациялар өткізілгені, халықтан алынған әлеуметтік сауалнамалар нәтижелері сараланғаны айтылды.
Нәтижесінде уәкілетті орган "Жасөспірімдер мен балаларды жыныстық қатынастарды насихаттау мен культ қылудан қорғау, алшақтату" талаптарына қатысты петицияны ішінара мақұлдау туралы шешім қабылдады. Енді балалар аудиториясына сексуалды контент таратуға шектеулер енгізу қажеттігі қарастырылып жатыр.
Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл шешім алдын ала және елдегі негізгі заңының ережелеріне, халықаралық және ұлттық нормативтік құқықтық құжаттардың талаптарына, отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында көрсетілген мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарына сәйкес келетінін мәлімдеді.
"Конституцияға сәйкес, барлық азамат заң мен сот алдында тең. Сонымен қатар ешкімді жынысы немесе басқа да мән-жайлар бойынша кемсітуге болмайды. Жоғарыда айтылғандардың негізінде петиция ішінара қолдау тапты. Ал министрліктің шешімі "Бала құқықтары туралы" Қазақстан заңына және Конвенцияға негізделеді. Заңға сәйкес мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар баланы әлеуметтік ортаның, қандай да бір ақпараттың, оның денсаулығына, адамгершілігіне және рухани дамуына зиян келтіретін насихат пен үгіттің кері әсерінен қорғауға міндетті", – деді Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров.
Оның айтуынша, қазір ғылыми зерттеулер жүргізіп, мәселені жан-жақты зерттеп, оны реттеудің тиімді тетіктерін әзірлеу қажет.
Министрлік келесі ұйымдастырушылық-құқықтық шараларды жүзеге асыруды ұсынды:
- Ғылым және жоғары білім, денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрліктері кәмелетке толмағандарға қатысты ЛГБТ қозғалысының әлеуметтік, психологиялық, медициналық және басқа да факторларына қатысты халықаралық зерттеулердің нәтижелерін талдап, баяндама дайындайды;
- Ғылым және Жоғары білім және Денсаулық сақтау министрліктері 2024-2025 жылдар аралығында Қазақстандағы ЛГБТ мәселелері бойынша зерттеу жұмысын ұйымдастырады.
Барлық қажет зерттеулер аяқталғаннан кейін қоғамдық талқылау өтеді. Соңғы шешім 6 тамызға дейін петиция авторларына жіберіледі.
Маусым айында "ЛГБТ насихатына" қарсы ресми петиция 10 күнде 50 мың қол жинады.
"Біржыныстылық бізге кітап дүкендерінен, теледидар экранынан және смартфондардан таңылады. Осылайша жастар арасында жасырын және байқалмайтын жыныстық қатынастың жаңа стандарттары қалыптасады. Осы жолда дәстүрлі құндылықтар өткеннің жәдігері, артта қалудың белгісі екендігі насихатталады. Сондықтан сыннан қорқып, көбі үнсіз қалады. Ал батылдық жинап, ЛГБТ насихатына қарсы шыққандарды ретроградтар мен консерваторлар деп атайды. Бірақ біз, көпшілік үндемей отырғанда балаларымыз өздерінің пісіп-жетілмегені мен тәжірибесіздігінен бір жыныстылардың сүйіспеншілігі қалыпты және тіпті сәнді деп санай бастайды", – делінген петиция мәтінінде.
Қазақстанның заңнамасына сәйкес, министрлік ресми шешімді осы жылдың 6 тамызына дейін петиция авторына жолдайды. Осы мәселе бойынша шешім сол шешім шығарылған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей интернет-ресурста жарияланады.
Сондай-ақ халықаралық нормаларды елемей, ЛГБТ насихатына қарсы петицияны қабылдауға дауыс бергендер анықталды.
Бұған дейін БҰҰ бұл шешімге алдын ала алаңдаушылығын білдірген еді. Сарапшылардың сөзінше, бұл бастама қабылданса, қазақстандықтардың өз ойын білдіру құқығы бұзылады.
"Бұл петицияның өзі біржақтылыққа негізделген. Оның негізінде қабылданған кез келген құқықтық акт адам құқықтарының сөзсіз және заңсыз бұзылуы", – делінген мәлімдемеде.
Алайда қазақстандың депутаттар мен шенеуніктер адам құқығы мен сөз бостандығына алаңдаушылық тудыратын шешімді қабылдады. Жұмыс тобының екінші отырысында 9 үкімет өкілі балалардың денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, ЛГБТ насихатына қарсы петицияны қабылдауға дауыс берді.
Дегенмен олар ЛГБТ ақпараты балалардың психикалық денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін деген ғылыми дәлел келтірмеді. БҰҰ бұл петиция Қазақстан Конституциясына да, ел қол қойған халықаралық шарттарға да қайшы келетінін ескертті.
Міне, ел дамуы үшін талпынбайтын шенеуніктер мен депутаттар:
- Ренат Зұлхайыров, Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары;
- Әйгерім Бичуинова, Қазақстанның Әділет министрлігі Заңнама департаментінің сарапшысы;
- Насимжан Оспанова, Қазақстанның Білім министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы;
- Ринат Зайытов, Қазақстан Мәжілісінің депутаты;
- Абзал Құспан, Қазақстан Мәжілісінің депутаты;
- Ермұрат Бәпи, Қазақстан Мәжілісінің депутаты;
- Самат Мұсабаев, Қазақстан Мәжілісінің депутаты;
- Данияр Қасқарауов, Қазақстан Мәжілісінің депутаты.