Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір аптаның ішінде пәтерімнің кілтін алдым": Қазақстандық әйелдер "Ұмай" ипотекасы арқылы қалай баспаналы болғандарын айтып берді

“Отбасы банкінде” нәзік жандыларды қолдауға бағытталған “Ұмай” атты ипотекалық бағдарлама жұмыс істеп тұр. Оған айлық табысы 320 мың теңгеден аспайтын еліміздің кез келген азаматшасы өтініш бере алады. Осы орайда “Ұмай” ипотекасы бойынша баспаналы болған арулардың оқиғаларын тыңдап, оның артықшылықтарын білдік. 

Гүлнұр Кужубаева, жеке архивтен

33 жастағы ШҚО тұрғыны Гүлнұр Кужубаева мемлекеттік кәсіпорында 11 жылдан бері аудармашы болып жұмыс істейді. Бүгінде Гүлнұр отбасылы, бір баласы бар. Сөзінше, “Ұмай” әйелдерге арналған ипотекалық бағдарлама туралы әлеуметтік желілерден байқап қалып, қызығушылық танытқан. 

“Бастапқыда банкке хабарласып, өзіме қатысты ақпараттарды айтып, қандай бағдарламаға қатыса алатынымды білдім. Банк маған тиімді болатын бағдарламалар тізімін ұсынды. Соның ішінде “Ұмай” ипотекалық бағдарламасы да бар еді. Кейіннен сайт бойынша өтінім қалдырып, тағы да кеңес алып, бағдарлама туралы кеңірек біле бастадым. Қызметкерлер ипотекалық заем рәсімдей алатынымды айтқанда, қуанып қалдым. Барлық рәсімдеулерден соң маған мультисертификат берілді, сол арқылы өзіме ыңғайлы бағада пәтер іздестіре бастадым. Шамамен екі аптаның ішінде көңіліме қонымды баспана таптым”, – дейді кейіпкеріміз.

Айтуынша, құжат жинау және ипотекалық заем рәсімдеу процесі қиын болмаған. Осы бағытта банк кеңесшілері қолдау көрсеткен, жеке телефондарын беріп, кез келген уақытта көмек беруге дайын екендерін айтты -дейді ол.

Гүлнұр Кужубаева 2021 жылдың желтоқсанында Өскемен қаласынан бір бөлмелі пәтер сатып алған. 

“Пәтер алу кезінде экологиялық таза ауданды таңдауға тырыстым. Көп ұзамай қонақ бөлме, ас үй, кіреберістен тұратын бір бөлмелі пәтер алдық. Толығымен жөндеуден өткізілген. Қолымда жинаған ақшам мен депозиттегі қаражатты 15% жарна ретінде қолдандым”, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны.

Гүлнұр рәсімдеген ипотекалық заем 10 жылға берілгенін айтады.

“Ай сайын 140 мың теңгеден төлеймін. Қарыздың бірінші айын төлеу үшін зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден артық жинақтарымды пайдаландым. Өзім сияқты 30-40 жастағы азаматтар үшін бұл өте қолайлы мүмкіндік деп есептеймін. Банкке шарттары тиімді бағдарлама үшін алғыс айтамын”, – дейді келіншек.

Айта кетейік, бағдарлама Азия Даму Банкінен алынған 38 млрд теңге қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылады және әйелдердің тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталады. Аталмыш ипотеканы Қазақстанның барлық қалаларының азаматшалары рәсімдей алады. Жаңа және қолданыста болған үйді 30 млн теңгеге дейінгі бағада сатып алуға болады. Ипотекалық бағдарлама талаптары бойынша отбасының ортақ табысы 320 мыңнан аспау керек.

Бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрып келгенін айтқан ол мұндай бағдарламаның әйелдер үшін таптырмас мүмкіндік екенін сөз етті. 

“Өскеменде бір бөлмелі пәтер жалдау орташа есеппен 80 мың теңге болады. Оны төлегенше қосымша ақша құйып, өз баспанаң үшін ақы берген жақсырақ емес пе? Қазақ отбасылары әдетте ұл балаларға ерекше көңіл бөліп, қыздарды қонақ деп есептегенін білеміз. Себебі қыз бала тұрмысқа шыққан соң күйеуінің үйінде тұруы тиіс. Алайда қазір заман өзгерді, әртүрлі жағдайлар болатынын ұғып келеміз. Әйелдердің де өз баспанасы болуы керек деп ойлаймын. 

Жеке басым әйел ретінде бақыттымын, бұрыннан жеке пәтерім болса деп армандайтынмын. Жылжымайтын мүлікке инвестиция салудан қорықпау керек екен”, – деп қорытындылады Гүлнұр Кужубаева.

“Ұмай” ипотекалық бағдарламасы бойынша пайыздық мөлшерлеме 12%-ды (ЖТСМ – 12,2%-дан бастап) құрайды. Қарыздың 50%-ын жинақтағаннан кейін пайыздық мөлшерлеме жылдық 5%-ға дейін (ЖТСМ 5,2%-дан) төмендейді. Бастапқы жарна 15%-дан 50%-ға дейін барады, оның сомасы қарыз алушы мен оның отбасының табысына және сатып алынатын тұрғын үй құнына байланысты. Сондай-ақ ипотекалық қарызды 10 жылға дейін рәсімдеуге болатынын атап өткен жөн.

“Ұмай” ипотекалық бағдарламасымен баспаналы болған тағы бір ару – 23 жастағы Таңнұр Башай. Өскемендік журналист жолдасымен жаңадан шаңырақ көтерген кезде үш жыл өзгелердің пәтерлерін сағалап жүргенін айтады. “Отбасы банкіне” барып, “Ұмай” бағдарламасы жайлы естіп, бірден құжаттарын жинап, өтініш берген.

Таңнұр Башай, жеке архивтен 

“Үш жыл пәтер жалдап, “квартирант” болдық. Басқа біреудің қас-қабағына қарап жүру оңай болмады. Баспана алуды көп армандадық, жоспар құрдық. Кооперативтерге де бас сұқтық. Аяқ асты жолымыз “Отбасы банкіне” түсіп, консультация алып, “Ұмай” бағдарламасы жайлы білдік. Бұл маған арналған бағдарлама екенін бірден түсіндім. Барлық жағынан сәйкес келіп тұрды. Бірден құжаттарымды жинап бағдарламаға тапсырып көруді шештім. Өтініш рәсімдеген соң, ол бір-екі күн қарастырылып, банк 6 миллион теңгеге рұқсатын берді. Осылайша бір жұманың ішінде пәтерімнің кілтін алдым”, – дейді ол.

Бүгінде Таңнұр Өскемен қаласында орналасқан бір бөлмелі үйдің иесі. Ол баспана құнының үштен екісін ипотекалық заем арқылы өтеп, қалған қаражатты үй иесі өз жинақтары есебінен төлегенін сөз етті. Ал ипотекалық қарызды 9 жылға рәсімдеген.

“Таңдап жүріп, армандаған үйімді алдым. Ай сайынғы ипотекалық төлем сомасы – 84 мың теңге көлемінде. Бұрын пәтер жалдап тұрған кезде 110 мың теңгені біреудің қалтасына төлейтінмін, ал енді өзімнің баспанама инвестиция жасап жатырмын”, – дейді Өскемен тұрғыны.

Таңнұр мұнымен тоқтамаймын дейді. Бағдарламаның артықшылықтарын әбден түсініп алған ол алдағы уақытта да “Ұмай” арқылы кезекті үй алуды жоспарлап жүр. 

“Күйеуім екеуіміз артылған қаражаттан, үйімізді әрлеп, толық жөндеу жұмыстарын жасадық. Қазір ас бөлмеге қасық алып келсек те қуанамыз. Бұған дейін екеуімізде де баспана болмаған. Отбасыммен бірге бұл жетістікке бірге жеттік, – дейді Таңнұр.

Талқылау