Айта кетейік, биыл қыркүйекте Ұлттық ұланның үш әскери қызметкері кешкі сағат тоғыз шамасында дәмхана маңында Дәулет Шабанбайды тоқтатқан. Оларға “мас спортшы шу шығарып, тәртіпсіздік жасады” деген шағым түскен. Патруль қызметкерлерінің сұрақтары мен ескертуіне балағат сөздермен жауап беріп, біреуін итеріп, наряд бастығын иығынан қағып, бетінен соққан, үшіншісінің көзіне соққы тиген. Көмекке келген қосымша патрульдер ер адамды ұстап, қолына кісен таққан.
“Сол күні сотталушы шамамен сағат 18:00-де дәмханада екі литр сыра, кейін бір бөтелке арақ ішкен. Одан соң дәмханадан шығып, қаланы көлікпен аралаған. Кейін қайта дәмханаға барғанда оны патруль қызметкерлері күтіп алған. Ол полиция бөліміне барудан бас тартқан, ары қарай не болғаны есінде жоқ. Айыпталушы өзін қызметкерлер ұстап, кейін полиция бөліміне апарғанын ғана біледі”, — деді судья.
Үкім шығарарда сот спортшының құқық бұзушылық (Тыныштықты бұзу және қоғамдық орында мас күйде болу”) жасағаны үшін әкімшілік айыппұлдары толық өтелмегенін ескерді.
Сондай-ақ судья Павлодар облысы полиция департаментінің басшылығы мен прокуратураға жеке шешім шығарып, сотқа дейінгі тергеу кезеңінде жасалған заң бұзушылықтарға назар аударды. Бұл бұзушылықтар тергеу әрекетіне қатысушылар мен зардап шеккендердің құқықтарының шектелуіне, оның ішінде бетпе-бет сұрақ-жауап кезінде де әсер еткен. Сонымен қатар оқиға орнын тексеру материалдары сақталған диск жоғалғаны да атап өтті.
Үкім мен жеке шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Дәулет Шабанбайды 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
