Ұлттық банк 2025 жылы базалық мөлшерлеменің 18%-ға дейін көтерілуі мүмкін екенін мәлімдеді
Ұлттық банк 2025 жылы базалық мөлшерлеменің 14,5% бен 18% арасында өзгеретінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: nationalbank.kz
Бұл туралы Ұлттық банктің 2025 жылғы ақпандағы ақша-кредит саясаты туралы есебінде айтылған.
Ұлттық банктің болжамы бойынша, келесі жылы базалық мөлшерлеме 12%-дан 17%-ға дейін болуы мүмкін. Ал 2027 жылы ол 8% бен 13,5% арасында болмақ.
Ұлттық банк өз бағалауларын Brent маркалы мұнай бағасының баррелі $70-ке дейін төмендеуі күтілуіне, азық-түлік бағасының жоғары болуына, Ресей мен Қытайдағы іскерлік белсенділіктің артуы, әлемдік экономиканың қалыпты өсімі, Ресейдегі жоғары инфляция және орталық банктердің пайыздық мөлшерлемерін төмендету қарқынының бәсеңдеуіне байланысты қайта қарап шықты.
Сонымен қатар Ұлттық банк 2025-2027 жылдардағы инфляция болжамын да қайта қарап шықты. Реттеушінің болжамына сәйкес, инфляция деңгейі 10-12% аралығында болады (қараша айындағы баяндамада 6,5-8,5% болған). Бұл көрсеткішке ең көп әсер еткен факторлар — тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтерінің көтерілуі және жанар-жағармай бағасын мемлекеттік реттеуді алып тастау болды.
Алдағы екі жылда көрсеткіштің өсуіне жоспарланған қосылған құн салығының (ҚҚС) 16%-ға көтерілуі әсер етуі мүмкін. Дегенмен ақша-кредит саясатын жүзеге асыру нәтижесінде 2026 жылы инфляция деңгейі 9-11% (5,5-7,5%), ал 2027 жылы — 5,5-7,5% болады деп күтілуде.
Ұлттық банктің 2025 жылға арналған экономикалық өсім болжамы өзгеріссіз қалды. Ұлттық банк әлі де болса, экономикалық өсім 4,2-5,2% аралығында болады деп болжайды. ЖІӨ өсуінің негізгі факторы — ішкі тұтыну сұранысының артуы.
2026 жылға арналған ЖІӨ өсім болжамы алдыңғы бағалаумен салыстырғанда өзгерді. Жаңартылған болжамдарға сәйкес, ол 4,2-5,2% аралығында болады (қараша айындағы баяндамада 4,6-5,6% болатын). Ұлттық банк 2027 жылы экономика 3,5-4,5% деңгейінде өседі деп болжайды.
Айта кетейік, бұл болжамдар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен сәйкес келмейді. Президент Қазақстанның ЖІӨ-нің жыл сайын 6%-ға өсуін және ақшалай мәнде 450 миллиард долларға жеткізу керек екенін айтқан еді.
Еске салсақ, 2025 жылдың наурызында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5%-ға дейін көтерген еді.