"Ұлтшылдықты өршіту мақсатында істеп отыр": Ресей сыртқы істер министрі Қазақстанда орыс тілділерге кемсітушілік жасалатынын айтты
Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Российская газета" басылымына жарияланған мақаласында Қазақстанның орыс тілді азаматтарына қатысты жасалатын ксенофобия туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Ресей мен Қазақстан: шексіз ынтымақтастық" мақаласында Лавров Қазақстан мен Ресей арасында ғылыми-ағартушылық және мәдени-гуманитарлық екіжақты жобалар қарқынды дамып, азаматтық қоғам бағытында жемісті диалог жүріп жатқанын айтты.
"Жаңа тарих басталғалы бері Ресей мен Қазақстан қоғамды біріктіруде, ұлтаралық келісімді нығайтуда елеулі үлес қосты. Өкінішке қарай, соңғы уақытта Қазақстандағы орыс тілді азаматтарға қатысты ксенофобия туындаған жағдайлардың куәсі болдық. Көп жағдайда бұл жергілікті ұлтшылдықты өршіту және Ресеймен ынтымақтастықтың беделін түсіру мақсатында орындалып жатқаны байқалады”, – дейді министр.
Сергей Лавров екі елдің ІІМ, құқық қорғау және әділет органдары, президент әкімшіліктері, үкіметтік емес сектор, сараптамалық және журналистер қауымдастығы бірлесіп, жедел іс-шара қабылдайтындарын айтты.
"Қазақстандағы орыс тілді қауым мен Ресейдегі қазақстандық қоғам қуатты байланыстырушы буын болып отыр. Екі тарап та орыс тілінің біріктіруші миссиясы қаншалықты маңызды екенін жақсы түсініп отыр. Қазақстан Конституциясы бойынша орыс тіліне ресми мәртебе беріліп, ол қазақ тілімен қатар қолданылады. Бұл мәселеде өз өмірі мен жұмысын Ресей және ТМД кеңістігімен тығыз байланыстыратын Қазақстан жастары үшін үлкен артықшылық бар. Орыс тілін білетін педагогтар мен мамандарды даярлауды жүзеге асыратын Қазақстанның мектептеріне, кәсіптік және жоғары оқу орындарына жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырамыз", - деді ол.