Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлымды өлтіргені айдан анық": Әскери борышын өтеп жүріп көз жұмған сарбаздардың аналары президент Әкімшілігіне жүгінді

Әскери борышын өтеп жүріп мерт болған қазақстандық сарбаздардың анасы еліміздің әр өңірінен Астанаға келіп, президент Әкімішілігінен көмек сұрап келді. Елордаға жиналған аналардың бірінің ұлы әскерден табытпен оралса, енді бірінің баласы сал болып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі NewTimes.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Newtimes.kz

Индира Туғамбаева, Гүлмира Мұқажанова мен Күлмайда Толғанбаева – жүрегін шүберекке түйіп, ұлдарын әскерге жіберген аналар. Алайда әскери борышын өтеп, абыроймен келеді деген жігіттердің бірі үйіне табытпен оралса, тағы бір тепсе темір үзетін жігіт денсаулығынан айырылып, өздігімен жүріп-тұрудан қалған. Олардың аналары президент Әкімшілігінен әділдік талап етіп, жағдайдың мән-жайын анықтауды сұрап отыр.

19 жастағы Алмас Шәкімов Алматы іргесіндегі полигондардың бірінде әскери жаттығу кезінде құмды дауыл басталып, өзге сарбаздарды құтқарып жүріп мерт болған. Әскери басшылығы оның басына темір құрастырмалы палатка құлады деп рапорт берген. Қайтыс болғаннан кейін сарбазды "Ерлігі үшін"медалімен де марапаттаған. Бірақ туғандары ол медальдан бас тартты. Үш жылға созылған тергеу кезінде бір қайғылы оқиғаға бір адамның қатысы бары анықталды. Оған 1 жылға шартты  жаза тағайындалуы мүмкін. 

“Іс екі жыл бойы Алматыда тергелді. Кейін Астананың арнайы прокурорларына берілді. Олар объективті, әділ тергеу жүргізеді деп үміттендім. Бірақ олар да да баламның басына темір құрастырмалы палатка құлады дегенді айтты. Қазір бір күдікті бар. Ол бір жыл шартты жаза алуы мүмкін. Ол темір құрастырмалы палатканы дұрыс орнатпаған сарбаздараға қарамады деп айыпталып отыр. Бір қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша айып тағылуын талап етіп отырмыз”, – дейді Алмастың анасы Индира Туғамбаева. 

Фото: Newtimes.kz/ Алмас Шәкімов

Ол ұлының құмды дауыл кезінде қайтыс болмағанына сенімді. 

“Қандай палатка? Ұлымды өлтіргені айдан анық. Сараптама кезінде үшкір затпен шаншылған және пышақ жарақаттары анықталды. Эксгумация ұлымның кешкі 19:00-де қайтыс болғанын айтты. Ал дауыл, әскерилердің айтуынша, кешкі сағат 20:55-те болған. Олар арнайы прокурор ретінде "кісі өлтіру" деген нұсқаны айтты. Алайда осыдан 10 күн бұрын бәрі өзгеріп шыға келді. 453-бап (Қызметке немқұрайлы қарау) қайтарылды. Төрт айлық тергеуден кейін олар істі аяқтап, сотқа жеткізгісі келеді”, – дейді Индира Туғамбаева. 

Бір қызығы әйел сот-медициналық сараптаушыға сарамтама жасағаны үшін 1 миллион теңге ақша берген. Айтуынша, дәрігер әскерилерден де ақша талап еткен. Тіпті дәрігердің әскерилерден ақша талап еткенін көрген куәгерлер де бар екен. 

“Егер осындай соманы әкелмесең, мен Шәкімовтың ата-анасына бұл қылмыстық мәйіт екенін айтамын” деген екен. Куәгердің қауіпсіздігі үшін ол туралы ештеңе айтпаймын. Бірақ менің жалғыз ұлыпды өлтірді. Мен неге біреуді аяуым керек? Осыған дейін 20 рет президентке шыққан шығармын, санынан жаңылдым. Зардап шеккен, қайтыс болған 15 шақты сарбаздың ата-анасы жиналды. Біз осымен төртінші мәрте келіп, президент Әкімшілігіне үндеу жасап жатырмыз”, – дейді ашынған ана. 

Индирамен бірге Алмастың апасы Күлмайда Толғанбаева да келген. Айтуларынша, сарбаздың дұрыс орнатылмаған палатканың салдарынан көз жұмды дегенге сендірмей тұрғаны тағы бірнеше жағдай бар.

“Ол әскерге барған соң төрт күннен кейін оның атынан несие рәсімделген. Телефон, азық-түлік алған, командирлердің телефонына ақша салған. Сондай-ақ оның атынан қарыз алған. Командирлердің бірі мұны Алмас көз жұмбай тұрып мойындаған. Оны жұмыстан шығарып жіберді. Немеремнің денесінде сөнген шылымның іздері бар”, – дейді Алмастың апасы Күлмайда Толғанбаева.

Фото: Newtimes.kz/ Алмас Шәкімов

Щучьедегі әскери колледждің студенті Ұлан Мұсаевтың анасы да сау ұлының сал болып қалғанын айтып, зар жылап отыр. Ұлан Мұсаевтың басына оқ тиіп, ауруханаға түскен еді. Тергеушілер мұны Ұланның өзі істеді дегенге келтіріп отыр. Алайда студенттің жақындары олардың бұл сөзіне сенбейді. 

“Ол кезде 19 жаста еді, кадет колледжінде бір жыл оқып, екінші курсқа көшті. 2022 жылдың 29 шілдесінде мен оны жібердім. Ал 31 шілде күні ондағылар маған телефон соғып, баламның ауыр халде жансақтау бөлімінде жатқанын айтты. Ол мұнарада тұрып, өзін атып жіберді деген болжам бар деді”, – дейді Ұланның анасы Гүлмира Мұқажанова.

Ұлан аман қалғанымен, денсаулығынан айырылып, 1 топтағы мүгедек болып қалды. Жүрмейді, жанарынан айырылды, тек бұлдыр кескінді ғана көреді. Бір ауыз, жай сөздерді ғана айтады. Бірнеше рет ота жасатты. Кей дәрігерлер аяққа тұрып кетеді дейтін көрінеді. Анасы дәрігерлердің бұл сөзіне сенгісі келгенімен, оған қомақты қаражат керек дейді. 

“Оңалып кету үшін ұзақ уақыт керек. Мен үшін бастысы – ұлымның аяққа тұрып кетуі. Қорғаныс министрі Жақсылықовқа бірнеше рет барып, баламды аяққа тұрғызу үшін көмек сұрадым. Тек уәде берумен келеді. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдік қысқа мерзімді оңалтуға ғана көмектесе алатынын айтты. Бірақ оны тұрақты түрде медициналық мекемеге орналастыру керек. Бізде көптеген орталықтар көп – жеке клиникалар, президент істер басқармасы, нейрохирургиялық орталық. Бірақ олардың бәрі ақылы қызмет көрсетеді. Жұмыс істемей, ұлыма қарап отырғандықтан менде мұндай ақша жоқ”, – дейді Гүлмира Мұқажанова.

Бұл іс бойынша да тергеу әлі сотқа жетпеген. Іс тоқтатылған, бірақ Гүлмира Мұқажанованың өтініші бойынша қайта жалғасын тапты. Бүгінде іс бесінші рет тоқтатылды.

“Ұлым қазір сөйлеп жүр. “Мама, мені кім атты?” деп сұрайды. Ауруханаға бірге оқыға курстастары келеді. Олар қазір әскери қызметте жұмыс істеп жүр. “Сәл шыдағаныңда сен де солар секілді бір жерде жұмыс істеп жүрер едің” деймін. “Мені атты ғой, менің кінәм жоқ” деп ақталады”, – дейді ана.

Гүлмираның айтуынша, автоматта Ұланның саусақ іздері болмаған. Бірақ колледжедегілер қарудың да, оқтың да Ұланға тиесілі екенін айтады.

“Оқиға орынында тергеу кезінде бәрін өзгертіп жіберген. Қаруды басқа жерге орналастырған. Кімге сенерімді білмеймін. Оның курстастарының бәрі әскери қызметкерлер. Білмейміз деп ат тонын ала қашып отыр. Ұланның өзін атқанын ешкім көрмеген. Бірақ ешкім ештеңе айтпайды”, – дейді амалы қалмаған әйел.

Фото: Newtimes.kz

Анасының айтуынша, қайғылы жағдай болмай тұрып, бір ай бұрын Ұлан 3 шақырымдық норманы тапсыра алмаған. Оны демалысқа жібермей, қайта тапсыруға алып қалған. Ол бірнеше күн баласымен сөйлесе алмаған соң колледждің өзіне хабарласқан. Ондағылар Ұлан норманы тапсырған соң оралады деп сендірген. 

“Ақыры ол маған хабарласып, 10 мың теңге жіберуімді сұрады. Норманы тапсыра алмаған төрт бала бар екен. “Оларға ақша берсек, баға қойып береді” деді. Кейін сол күні сынақ қабылдайтын бірде-бір командирдің болмағанын білдім”, – дейді Гүлмира Мұқажанова.

Әкімшілікке жүгінген аналар әділдікті талап етіп отыр. 

Талқылау