Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қорқыныш – ең басты кемшілік": Қазақстандық мектеп оқушысы ҰБТ-дан 140 балл қалай алуға болатынын айтып берді

Қазақстандағы 2021 жылғы ҰБТ-дан алғашқы максималды 140 балл жинаған 18 жастағы Данияр Уалиев отбасының үлкені, Павлодар қаласында туып-өскен, ер балаларға арналған "Білім-Инновация" лицейінің түлегі. Stan.kz тілшісі Даниярдан тестілеуге қалай дайындалғаны, сынақта қиын болған нәрселер жайлы және алдағы жоспарлары жайында сұрап білді.

Данияр Уалиев – Алтын белгі үміткері. Жүзуден спорт шеберіне үміткер. Бірнеше мәрте ҚР чемпионы. Жалпыресейлік жарыстардың жүлдегері. Nur Sultan Оpen халықаралық жарысының чемпионы.

Жас түлектің айтуынша, оның таңдау пәні - физика мен математика. Барлық тест сұрақтары ішінен қиындауы – физика пәні болған. Алайда мектебі мен оқытушыларының сапалы білімі арқасында ең үздік балл жинауға мүмкіндік алған.

"Мектеп, оқытушылардың арқасы деп білемін. Олар әртүрлі іс-шаралар, байқаулар ұйымдастыратын. Соның ішінде оқушылар команда болып жарысатынбыз. ҰБТ-дан кім көп балл жинайды деп жарыстық. Әр апта сайын екі бақылау тестін жасап жүрдік.

Бұл интернат түріндегі лицейде 5 жыл оқыдым. Маған білім, жаңа таныстықтар, достар сыйлады, оларды бауырларым десем де болады, одан бөлек орта білім көп мүмкіндік берді. Интернатта жатып оқитын болғандықтан, тәртіпке де осы жерден үйрендік", – дейді ол. 

Бұл – Даниярдың тапсырған алғашы Ұлттың Біріңғай тестілеуі. Данияр Уалиев оқуға тапсыратын университетін әлі таңдамағанын айтады. 

"Сүлеймен Демирел атындағы университет, Қазақстан-Британ университеті, Сатпаев атындағы университет сияқты ЖОО-ры таңдауда бар”, – дейді Данияр. 

Абитуриенттерге Данияр өз кеңестерін де айтты. 

“Маңыздысы – уайымдамау. Қорқыныш – ең басты кемшілік. Ол сізге ойды жинақтауға, дұрыстап зейін қоюға кедергі келтіреді", – дейді Данияр.

Айтуынша, мектебінде өзінен басқа да жоғары балл жинаған түлектер бар.

“Математика мен география пәндерін таңдаған түлек 128 балл жинады. Одан бөлек, 125, 116 балл жинағандар бар”, – дейді ол. 

Тестілеуге дейін де Данияр жоғары балл жинап жүргенін айтады. Ал ҰБТ-да келген сұрақтары өзі тапсырып жүрген бақылау тестерінен тек мазмұны жағынан сәл өзгешеленген. 

"Бақылау тестерін жасап жүргенде әртүрлі балл жинап жүрдім. Көбіне 110 баллдан жоғары алатынмын. 140 жинамасам да, соған жуығын алып жүрдім. Сынақтарда келіп жүрген сұрақтар болды, алайда мазмұны жағынан сәл өзгешеленді. Геометрия мен тригонометрия бойынша қиын сұрақтар болды. Физика ең қиыны болған сияқты, алайда ең бастысы формуланы дұрыс қолдану, теорияны білу. Қазақстан тарихы пәні оңай болды деп айтуға болады. Соңғы сұрақ мәтін түрінде келді, сондықтан кішкене ойды жинақтап, барды салуға тура келді. 


Қазақстандық оқушылар 1 қыркүйекте мектепке бара ма? Білім министрі жауап берді 


ҰБТ-да ең жоғары балл жинауға тырыстым. Барымды салдым. Бар берілген 4 сағаттың 3 сағат 40 минутында шықтым", –  дейді түлек. 

Айтуынша, ҰБТ-да жинаған балын білгенде, қуанған, ал ата-анасы қатты таңғалған.

Болашақта Данияр физика, математика бағытындағы инженер боламын деп жоспарлайды.

"Жоспарларым: оқу орнын жақсы бітіру, өз ісімнің маманы болу, отбасым, ата-анамды қамтамасыз ету", - дейді ол.

"Білім-Инновация" лицей басшысы Уркимбаев Рахим Халилуллаұлы пандемия кезінде де оқушылары тынбай сабақ оқып, сынаққа дайындалғанын айтады. 

"Лицейіміздің оқушылары бірінші және екінші тоқсанда қашықтықтан оқыды. Қаңтар айында 11-сынып оқушылары, наурыз айында 9-сынып оқушылары, сәуір айында барлық сыныптар лицейге оралды. Пандемия уақытында балаларды топ-топпен лицейге шақырдық, қосымша сабақтар ұйымдастырдық.

Күзгі демалыс, қысқы демалыс, көктемгі демалыстарда балаларға ҰБТ дайындық курстарын жасадық. Осы жылы лицейімізді бітіріп отырған 50 оқушыны 10 топқа бөліп өзара айлық ҰБТ жарыстарын ұйымдастырдық. Оқушылар апта сайын ҰБТ дайындық сынақтарын жазып отырды", – дейді Рахим Халилуллаевич.

Айтуынша, қазіргі уақытта ҰБТ-ның осы жылғы орташа баллы – 102 болып отыр, бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда жоғары.

"Оқушылар ҰБТ-ны екі рет тапсырды. Тағы да бір рет тапсыратын мүмкіндіктері болады", – дейді лицей басшысы.

Талқылау