Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үш күн үйіндінің астында жатқан: Петропавл жылу орталығында қаза болған келіншек жер қойнына тапсырылды

Петропавлдағы жылу электр орталығында болған апатта опат болған Наталья Чефонованың денесі жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.

 

Марқұм үйінді астынан үш күннен кейін табылған болатын. Машинист сол күні жұмыста болған екен.

Жылуға жауапты "Севказэнерго"компаниясының басшылығы қаза тапқан әйелдің отбасына материалдық көмек көрсетуге уәде берді. Марқұмның отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартып, бес жылдық жалақысын және 15 жасар ұлының оқу ақысын төлеп бермекші. Қаза тапқан жұмысшының күйеуі де осы кәсіпорында жұмыс істейді.

Петропавлдағы жылу электр орталығындағы 150 метрлік алып мұржа қазандық цехының үстіне құлаған. Қала бір сәтте жылусыз қалды.

Бұл жағдайға президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, жедел жылу берілуін тапсырған.

Қазір қазандық жұмыс істеп тұр. Ал арнайы құрылған комиссия апаттың себеп-салдарын анықтап жатыр. Сондай-ақ ТЭЦ директоры мен бас инженері қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды.

“Біз қазір сарапшылар шақырттық. Бұл сараптаманы қадағалау әділет министрлігінің құзырында. Апат қалай, не себептен болды? Қалай, қашан қалпына келтіруге болады? Қалпына келтіріле ме,әлде мұржаны жаңадан тұрғызу керек пе? Бәрі тексеріп, мамандар сараптамадан өткізеді”, – дейді "ОАЭК" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Клебанов.

Еске салсақ, осыған дейін Петропавлда құлаған жылу құбыры үйіндісінің астынан қызметкер әйелдің денесі табылғаны туралы жазған едік. 

Талқылау