"Үш айлық бала зардап шекті": Жаңаөзенде бір отбасы жылқының кесірінен жол апатына түсті
Жол-көлік оқиғасы 13 маусым күні Рахат-4 шағынауданында болды. Жәбірленушілер полициядан жылқының иесін тауып, жауапқа тартуды талап етуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Зардап шеккендер ұсынған фото
Жол апаты кезінде көлікте ер адам, әйел мен үш айлық сәби болған.
Әйелдің айтуынша, олар жай жылдамдықпен келе жатқан. Кенет жолға шауып шыққан жылқы көлікпен соқтығысқан. Қатты соққы салдарынан жылқының ішкі мүшелері шашылып қалды. Жол апатының салдарынан 3 айлық баланың миы шайқалып, басына қан құйылған. Көлік жүргізушісінің маңдайы жарылып, мұрны сынған. Әйелдің қабағы зақымданып, салдарынан көзін аша алмай қалды.
Полиция ерлі-зайыптыға ауруханадан шыққан бойда құқық қорғау органдарына хабарласу керегін ескертті. Жәбірленушілер жануарда жарық шағылыстырғыштың болмағанына наразы.
“Біздің баламыз зардап шеккеніне кінәлі жылқының иесін іздеп жүрміз. Жануардың иесін заң бойынша жазалап, ұлыма емделуге кеткен шығынды өтетуі керек. Айтуларынша, жылқылар әлі де сол жерде жүр екен, ертең тағы бір апат болса не болмақ”, – дейді ашынған жәбірленуші.
Бұған дейін Қарқаралыға көкпарға барған меркілік шабандоздардың жол апатынан қаза тапқаны туралы жазған едік.