Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Универсиаданың ашылуына қанша қаржы жұмсалғаны белгілі болды

Жарыс кестесінің осындай тығыздығына байланысты, ашылу салтанатына арналған бүкіл декорацияны 6 сағатта құрып, қайта жинап алуға тура келіпті, деп хабарлайды КТК арнасы.

16299338_1037551139683662_303026796783228248_n

 

Өйткені, жарысты бір сәтке де тоқтатуға болмайды. «Алматы арена» кешенінде өткен сол салтанатты рәсімге мыңдаған адам атсалысқан. Отандық эстрада, театр және цирк әртістері, үш сағаттың ішінде қазақтың сан ғасырлық тарихын төрткүл дүниеге театрландырылған көрініспен жеткізді. Айта кетерлігі, бұл жолы ұйымдастыруды бастан-аяқ отандық мамандар атқарып шығыпты.

Халықаралық шараның шымылдық ашар шоуын сахналау отандық мамандарға сеніп тапсырылған екен. Ал олар қазақ халқының сан ғасырлық тарихын түгендеп, бүгінгі күнге дейінгі даму жолын көрсетуді көздепті. Яғни бұрынғының батырлары мен сал-серілерінен бастап техника тілін түсінген қазіргі жастарға дейінгі аралық театрландырылған көрініспен баяндалды.

Тек бұл шоуды көзбен көру екінің біріне бұйырмады. Өйткені 12 мың халық сыятын сарайға барлығы бірдей кіре алған жоқ. Қазақтың қонақжай екенін көрсету үшін ұйымдастырушылар шетелдіктерге басымдық берген. Ал 28-ші қысқы универсиада ойындарын ашып берген Елбасы спортшыларға сәттілік тілеп, сайыстың әділ өтетініне сенім білдірді.

“Құрметті достар универсиада алауы әрбір спортшы мен жанкүйерлердің жүрегіне жағылған достық шырағы болсын. Адал сайыста тек жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлардың ғана мерейі үстем болсын. Баптарыңыз келісіп, бақтарыңыз жансын. Қазақстандық спортшылардан бүкіл жанкүйерлеріміз ең жоғарғы сапалы медальдар қалайды. Әлем көз тіккен спорт мерекесі баршамызға құтты болсын”,- дейді Қазақстан Республикасының президенті.

Әп-сәтте өте шыққан салтанатты шараны жоғары деңгейде өткізу үшін шығармашылық топ пен техникалық мамандар күні-түні көз ілмей жұмыс істеген. Мәселен, «Алматы аренаның» ішіне он мыңнан астам түрлі-түсті шам ілініп, жүздеген экрандар қойылыпты. Осының барлығын мамандар бас аяғы 6 сағатта орнаттық дейді. Өйткені ашылуы салтанатына дейін бұл сарайда жарыстар өтті, бүгін таңнан да сайыстар жалғасып жатыр. Бұдан бөлек екі мыңнан астам арнайы сахналық костюмдер тігілген. Сарайдың сәнін келтіру үшін ілінген бұйымдар да отандық шеберлердің қолынан шыққан. Осылайша ұйымдастырушылар тұңғыш рет өткізіліп отырған универсиаданың ашылу және жабылу салтанатын әдеттегідей шетелдіктерге емес өзіміздің мамандарға сеніп тапсырыпты.

Ашылу салтанатын абыроймен өткізген мамандар енді жарыстың жабылу кешіне қызу дайындықты бастап кетті. 8-ші ақпанда өтетін концерттік бағдарлама бұдан да әсерлі болады деп күтілуде. Жалпы қос бірдей шараны өткізуге 3 жарым миллион доллар жұмсалған.

Тойдың болғанынан – боладысы қызық. Бас аяғы 3 сағатқа созылған ашылу салтанатын өткізуге ұйымдастырушылар жарты жылға жуық уақыт дайындалған екен. Осылайша 28-ші қысқы универсиада ойындарының жалауы Алматы төрінде желбіреді. Оған қатысуға әлемнің 57 елінен екі мыңға тарта спортшы келген. Олар енді алдағы он күн бойы спорттың 12 түрінен өзара сынға түсіп, кім мықтыны анықтайтын болады.

Талқылау