Қазақстанның үкімет басына кім келеді және министрлер құрамы қандай болмақ? Сарапшылар пікірі

Күні кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында қазіргі үкіметтің отставкаға кететінін мәлімдеді. Сайлаудан кейін келетін министрлер кабинетінің жаңа құрамы қалай өзгереді? Премьер-министр кім болуы мүмкін? Stan.kz тілшісі саясаттанушылардың болжамын сұрап білді.

Өзінің ашық пікірімен көзге түсіп жүрген саясаттанушы Ермұрат Бапи үкімет басына кімді қойса да "қызық емес" екенін айтады. Себебі "қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосындының мәні өзгермейді" дейді ол.  

"Nur Otan" партиясының жеңісі - үкіметтің тағдыры Тоқаевтің емес, партия көсемі Назарбаевтің қолында екенін көрсетті. Жеңіп шыққан партия ретінде үкімет басына "Nur Otan" өзінің кандидатурасын ұсынады. Сондықтан үкімет басына кім келеді деп саяси-сараптама жасаудың да қажеті жоқ. 30 жыл бойы Қазақстанды саяси және экономикалық дағдарыстың "қорасына" қамап келген партия өзінің ары қарайғы үстемдігін жүргізеді", - деп кесіп айтты Ермұрат Бапи. 

Саясаттанушының пікірінше, Асқар Маминнің кеткенінен өзгеріс бола қоймайды. Десе де, Ермұрат Бапи бұл орынға келесі кім отыратынын айтты. 

"Асқар Мамин кеткеннен ештеңе өзгермейтіні белгілі. Соңғы 2 жылда Асқар Маминнің әлдебір саяси мәлімдемесі немесе экономикаға өзгеріс жасау жөніндегі жобалар жасағаны есіңізде бар ма? Менің есімде жоқ. 

Дегенмен Асқар Маминнің орнына басқа біреуді қояды. Меніңше, бұл адам - Бауыржан Байбек. 

Бұл арада Дариға Назарбаеваны премьер-министр болуға ұсыну халықтың наразылығын тудыруы мүмкін. Сондықтан ол үкімет басында отыра алмайды. Не болмаса астанамыздағы кітапхананың мұрнынан сүйреп жүрген 1-2 экономистер,  Келімбетов, Смаилов сынды түсініксіз фигуралар бар. Солардың біреуі үкіметті басқаруы мүмкін", - дейді ол. 

Ал министрліктегі ауыз-түйістердің қалай болатыны Ермұрат Бапиді тіпті толғандырмайды. Өйткені оларды Ақорданың тапсырмасын орындаушылар ғана деп біледі. 

Ермұрат Бапимен көп жерде пікірі қайшы кеп қалатын саясаттанушы Тазабек Сәметбай бұл жолы әріптесін қолдағандай болды. Ол да үкіметтің отставкасы мәселенің шешімі емес деп біледі. Жай ғана қағаз жүзіндегі халықты алдаусырату екенін жеткізді. 

"Біз бұл мәселе бойынша өзіміздің мониторингімізді жасаған болатынбыз. Ол бойынша осы сайлаудың бұрынғы сайлаудан өзгешелігі жоқ. Шахмат тастарындағыдай ойыншыларды орындарымен алмастыру ғана болады. Бірақ нақты принциптерге сүйенген, саяси реформалар орын алмайды. 

Асқар Маминді орнынан алудың немесе алмаудың аса бір маңызы жоқ. Жалпы электорат үшін жасалып жатқан "спектакльдің" бірі ғана" - деді Тазабек Сәметбай. 

Оның сөзінше, билік өзінің айналасындағы қалыптасып қалған бұрыннан келе жатқан "фишкаларды" ауыстыруды доғаруы керек. Жастарға жол ашып, мүмкіндік берсе деп тілейді. Бұрынғы биліктің қолшоқпары емес, шынайы, құзыретті адамдар келуі керек, дейді Тазабек Сәметбай. 

"Менің ойымша, Әсет Исекешев үкімет басына келсе, белгілі бір қадамдар жасауы мүмкін. Өйткені қазіргі дағдарыс жағдайында, оның ішінде: теңгенің құнсызданып бара жатқанын, солтүстіктегі көршінің ашық провокация жасап, сес көрсетіп отырғанын, батыс елдердің тісін батырып жатқанын, басқа да азулы державалардың біздің елге деген өз сценарийлерін ескерсек, біздің үкімет басына мықты адам керек. Осындай сыртқы күштерге төтеп бере алатын, құзыретті адам деп Әсет Исекешевті айта аламын. Қазіргі биліктегі жаңа толқынның бірі, биліктегі таза, өз ісін білетін азамат", - дейді ол.

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев те өз сараптамаларына сүйеніп, келесі премьер-министрдің кім болатынына болжам жасады. 

"Бұл орынға отыруы мүмкін тұлғалар бар. Оның бірі ретінде "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-ның басшысы мен "Nur Otan" партиясының  бірінші орынбасарын айтуға болады. Мүмкін Асқар Мамин ауыспайтын да шығар ... Тек бір-екі министрлерді ғана ауыстыруы мүмкін. Бірақ, менің ойымша, келесі премьер-министр Бауыржан Байбек болатын шығар. Өйткені ол - жас болғанымен өте тәжірибелі маман. Елбасының ең сенімді адамы. Оның әкесі Елбасымен жақын дос болған, формальді тұрғыдан ең лайық адам - сол. Одан бөлек "Самұрық-Қазынаның" төрағасы Ахметжан Есімов болуы мүмкін. Ол Елбасының қасында қанша жылдан бері жүр. Сондықтан осы екі адамды айта алар едім", - дейді Қазбек Бейсебаев.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет отставкаға кетуге тиіс екенін айтты.

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр