Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тұншықтырып, өлтіремін деп қорқытты": Түркістан облысында 8 жасар қызды өгей әкесі зорлаған

Түркістан облысында 8 жасар қызды өгей әкесі зорлаған. Дәрігерлер баланың өмірін аман сақтап қалу үшін оның жатырын алып тастауға мәжбүр болыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап. 

Қыздың анасының айтуынша, сұмдық жағдай 23 ақпан күні болған. Оның  ауруханаға кеткен сәтін пайдаланған күйеуі көрші ауылда бағып жүрген малын тастап, үйге жеткен көрінеді. Үшінші сыныпта оқитын қызымды зорлаған дейді. Көп қан жоғалтқан кішкентай қызды одан кейін сабаққа жіберген. Бастапқыда "құлап қалды" деп сылтауратқанымен, артынша кешірім сұрап мойындапты.  Енді "есімді білмеймін" деп басқа сөйлеп отыр дейді.

“Оқиғаны балам да көрген. Балама "кет" деген ғой , пердені ашып қарап тұрған бала ма "кет" деп айтқан ғой. Соны кеше ит мойындап отыр. Маған керек емес ондай ит, қоғамға да керек емес адам ол”, – дейді қыздың анасы Райхан. 



Анасының айтуынша, 8 жасар қызға екі рет операция жасалған. Тікішегін бірнеше жерден тіккен дәрігерлер ақыры жатырын алып тастауға мәжбүр болыпты. Қызымның ана болу мүмкіндігінен айрылғанын жақында ғана сотта естідім деп есеңгіреп отыр. Күйеуімен жұптасқан 3,5 жылдан бері қызыма азғындық әрекет жасап келгенін де енді біліп отырмын дейді.   

“Анаңа айтсаң, сені тұншықтырып өлтіремін, мамаңды өлтіремін да, сені балалар үйіне өткізіп жіберем. Балалар үйіне өткеннен кейін сен үлкен болғасын қатын қып алам қайтадан сені” деп қорқытқан. Оны әлі күнге дейін айтады маған. Мама, маған сөйтіп айтты деп. Әлі күнге дейін шошып оянады”, – дейді қыздың анасы.

Шымкенттегі арнайы орталық директоры Малика Жүсіпова өрімдей қыздардың өмірін талқандайтын жағдай тым жиілеп кеткенін айтады. Педофилдерге  берілетін жазаны қатайту керек деп дабыл қағып отыр.

“Бұл деген сұмдық жағдай ғой. Өмірлік сотталу керек. Ол ауру ғой, ауру қайтадан ауру қайталайды. 20 жыл – педофилизмге аз уақыт”, – дейді орталық директоры Малика Жүсіпова. 

8 жасар Әселмен қазір психолог мамандар жұмыс істеп жатыр. Әзірге болашағына балта шабылғанын қызым  білмейді, ертең бойжеткенде тағдыры қалай болады дейді шарасыз ана.

Талқылау