Түркістанда жаңа үйлер заңсыз сатылған
Түркістан қаласында мемлекеттік бағдарламамен сатылатын үйлердің конкурсы талапқа сай өткізілмеген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Otyrar.kz сайтының жазуынша, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен отырыста облыс бойынша тұрғын үй, кәсіпкерлікті дамыту мәселесі талқыланды. Жиынға қатысушылар өңірде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мен кәсіпкерлікті дамыту жұмысының тиісті деңгейде атқарылмай жатқанын атап өтті.
Отырыста белгілі болғандай, облыста көлеңкелі бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер саны азаймай тұр. Былтыр заңсыз әрекетке барған 56 кәсіп әшкереленді. Олар жасырын цех ашып, акцизсіз өнімдерді саудаға шығарған.
"7-20-25" бағдарламасы бойынша өткізілген 26 конкурс талапқа сай болмай шыққан. Тұрғын үй бөлімімен мемлекеттік қызметті көрсетудің мерзімдерін бұзу бойынша 103 дерек анықталған.
Мәселен, "Нұрлы жер" бағдарламасы негізінде салынған 3 мыңнан аса пәтерді "7-20-25" бағдарламасы бойынша 26 сату конкурсы, атап айтқанда 2021 жылы 9, 2022 жылы 17 конкурс өткізген. Бұл конкурс ешқандай нормативті талапқа сай реттелмеген.