Түркістанда оқушылар сабақ үстінде карта ойнаған: Мұғалім қызметінен кетті
Фото: Видеодан скрин
Түркістан облысында мектеп оқушыларының сабақ кезінде карта ойнауы қоғамда қызу талқыға түсті. Оқиға Сарыағаш ауданындағы Мұқағали Мақатаев атындағы мектепте болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сәйкес, 11-сынып оқушылары сабақ барысында топтасып, карта ойнауға кіріскен. Сол сәтте сыныптағы өзге оқушылар шулап жүрген. Алайда педагог тарапынан ешқандай ескерту жасалмағаны айтылды. Мұғалім телефонмен сөйлесіп, өз ісімен отырған.
Аталған жағдайға байланысты оқушылардың ата-аналарына ескерту берілді. Ал алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі өз еркімен жұмыстан кеткен. Оның білім беру саласындағы еңбек өтілі 13 жыл болады.
Түркістан облысы білім басқармасының баспасөз қызметі бұл жағдайдың білім беру талаптарына қайшы екенін мәлімдеді. Қазір қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Қорытындысы бойынша жауапты тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, тиісті тәртіптік шаралар қабылданбақ.
Сонымен қатар мектеп басшылығына да қатысты шешім шығуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін 13 наурыз күні BINOM мектебі (Атырау) аумағында 9-сынып оқушысы 12 жастағы қызға өткір затпен шабуыл жасап, оны жарақаттаған. Жәбірленуші мойын, кеуде және қолынан жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Оның жағдайы орташа деп айтылған еді. Аталған дерек бойынша “кісі өлтіруге оқталу” бабымен қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктінің анасы ұлының бірнеше жыл бойы сыныптастары тарапынан буллингке ұшырағанын мәлімдеп, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер бұл жағдайға тиісті деңгейде назар аудармағанын айтты.