Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысы тұрғыны халатының бауына асылып қалған: Туыстары азапты өлімге күйеуін кінәлайды

Түркістан облысы Шардара ауданы Қ.Тұрысбеков ауылдық округінде жантүршігерлік оқиға орын алған. Үш баланың анасы Гүлзар Қуанышбаев үйінде халатының бауына асылып қалған. Тексеру нәтижесінде келіншектің денесінде ұрып-соғу іздері қалып, қабырғалары сынғаны белгілі болған. Туыстары оның өліміне күйеуі кінәлі деп айыптайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі.

"Немолчи" қоғамдық қорының басшысы Дина Таңсәрі желідегі парақшасында марқұм Гүлзар Қуанышбаеваның туыстары жолдаған хатпен бөлісті. 

"Әкесі қызын өлтірген күйеу баласы екеніне сенімді. Өйткені қызы күйеуі ұратынын бірнеше рет айтқан. Келіншектің денесінде ұрып-соғу, қабырғаның сынуы және омырау тұсында жарақат іздері анықталды. Бірақ күйеуінің туыстары Гүлзардың халаттың бауына асылып, суидцидке барғанын айтады. Ал туыстары оқиғаның өзін-өзі өлтіру екеніне сенбейді", - дейді Дина Таңсәрі. 

Қоғамдық қор басшысы осы іске қатысты ҚР Бас прокуратурасы үнсіз қалмауын сұрады. 

Сондай-ақ туыстары сараптамаға сенбейді, Гүлзардың күйеуі жұқпалы аурулар дәрігері екен. Сондықтан сарапшылармен келіскен болуы мүмкін деп ойлайды.

"Гүлзар Қуанышбаева азамат Бахтияр Баратов тарапынан үнемі физикалық зорлық-зомбылық көріп келген. Бұған марқұмның әпкесі мен досының сотқа дейінгі тергеу барысында жауап алынғандар дәлел бола алады.



Мәйітті тапқан Баратовтың туыстары болған оқиға туралы құқық қорғау органдарына хабарламаған және алғашқы медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем шақырмаған. Мәйіт табылған бөлме жинастырылып, халат белбеуі де оқиға орнында болмаған. Мен келгенге дейін марқұм болған қызымның денесін қораға апарып, жуындырып, ақ матаға ораған. Тіпті, сол күні  жергілікті зиратта жерлеу үшін қабір дайындалған. Аталған мән-жайлар Гүлзардың өлімін өз бетінше анықтап, қылмысты жасыруға тырысқанын көрсетеді", - дейді қыздың әкесі Патсабек Бекботаев.

Осы іске байланысты Түркістан облыстық полиция басқармасы түсініктеме берді. Хабарламада күдікті құзырлы орган қызметкерлерімен ешқандай туыстық қарым-қатынаста емес екенін атап өткен.

"29 шілдеде Шардара полиция қызметкерлері екі бап: "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" және "азаптау" бойынша тіркеді. Күдікті жәбірленушінің күйеуі деп танылды. Ол осы жылдың 29 тамызында сот қаулысымен қамауға алынды. Алайда 30 тамыздан бастап кепіл енгізілуіне байланысты бұлтартпау шарасы өзгертіліп, күдікті үйқамаққа шығарылды. Сотқа дейінгі тергеу шеңберінде барлық қажетті іс-әрекеттері жүргізілді. Тергеу аяқталды. Қылмыстық іспен жәбірленуші тараптың заңды өкілі танысқаннан кейін қылмыстық іс ҚР ҚІЖК 300-бабына сәйкес айыптау актісімен бірге прокуратураға жіберіледі. Аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары бөлігінде жеке қауіпсіздік басқармасының және ТҚК тергеу басқармасының қызметкерлері жәбірленушінің әкесінің өтініші бойынша өтініште көрсетілген барлық дәлелдерді тексергенін хабарлаймыз. Нәтижесінде полицейдің күдіктімен туыстық байланысы жоқ екені анықталды", - делінген хабарламада.

 

Талқылау